Accessibility links

Назарбаев сайтында "елбасы кеңсесі" бөлімі жоғалып кетті. Әшімбаев кеңсе жұмысы басқа заңмен реттелуі мүмкін дейді


16 ақпанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайтында бұған дейін болған "елбасы кеңсесі" бөлімі жоғалып кетті.
16 ақпанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайтында бұған дейін болған "елбасы кеңсесі" бөлімі жоғалып кетті.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев 17 ақпанда экс-президенттің кеңсесі жұмыс істеп тұр деп мәлімдеді. Осы аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заңының күшін жойғаннан кейін сол заңмен реттелген экс-президент кеңсесінің жұмысына қатысты түрлі сауал туындаған.

Осы аптада Elbasy.kz сайты Nazarbayev.kz болып өзгеріп, сайттағы "елбасы кеңсесі" бөлімі жойылған.

17 ақпанда "елбасы кеңсесі" туралы тілші сұрағына сенат спикері Мәулен Әшімбаев "елбасы кеңсесі жұмыс істеп тұр" деп жауап берді.

"Тұңғыш президент туралы заңның күші жойылғаны оның кеңсесінің жұмыс істеуіне шектеу қоймай ма?" деген сауалға сенат спикері:

"Ондай мәселелер тұңғыш президент туралы заңда қамтылған. Кеңсе қалай жұмыс істеп жатқаны басқа заңнамада реттелуі мүмкін. Оны қарау керек" деді.

Кеңсе бюджеті туралы сұраққа Әшімбаев "бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін айта алмаймын. Бюджетті нақтылаймыз. Ол алдағы наурызға жоспарланып отыр" деді.

Қаңтардың аяғында ҚазТАГ агенттігі 2023-2025 жылдардың республикалық бюджеті туралы заңға сүйене отырып, 2023 жылы "елбасы кеңсесіне" 1,6 млрд теңге, 2024 жылы 1,9 млрд, 2025 жылы 2,1 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр деп жазған.

Жұма күні сенат спикері "кеңсеге бөлінген қаражат туралы" сұрақтарға нақты жауап бермеді.

Заңгер Акиф Сүлеймановтың айтуынша, "тұңғыш президент туралы" заңның күші жойылғаннан кейін "елбасы кеңсесінің" жұмыс істеуінің заңдық негізі жоқ.

"Алайда республикалық бюджет туралы заңда ["елбасы кеңсесіне" бөлінген] шығындар бекітіліп қойған. Желтоқсанда 2023-2025 жылдың бюджеті бекітілді. Онда 5,6 млрд теңге қарастырылған. Заңға сүйенсек, парламент оның күшін жоюы тиіс. Олар бюджет туралы заңды қабылдайды. Оған өзгерістер мен түзетулер енгізе алады: шығынды көбейте алады немесе азайта алады. Нақты жағдайда мәселе шығынды азайту туралы болыпа отыр. Егер мәселе шығынды көбейту туралы болса, онда оған үкімет қорытындысы керек болушы еді. Нақты жағдайда әңгіме азайту жөнінде болып отырғандықтан депутаттарға отырыстардың бірінде шығындарды қайта қарап, шығын бабын алып тастауына ешқандай тосқауыл жоқ. Нақты жағдайда кеңсені қаржыландырудың заңды негіз жоқ" дейді Акиф Сүлейменов.

17 ақпанда Азаттық тілшісі экс-президенттің баспасөз хатшысына хабарласқанымен, одан жауап ала алмады. "Елбасы кеңсесінің" Астанадағы телефонын ешкім көтермеді. Қазақстанның "Тұңғыш президент – Елбасы кітапханасы" мекемесінің өкілдері де Азаттыққа "кеңсе жұмыс істеп тұрғанын" айтты.

Бір күн бұрын Азаттық тілшілері экс-президенттің кеңсесін бұрынғыдай полиция күзетіп тұрғанын көрген. Күзетшілер Азаттық тілшісін кеңсеге кіргізген жоқ, ол жақтан ешкім шығып жауап берген де жоқ.

  • 16 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 ақпанда "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заңының күшін жоятын және экс-президенттің туыстарын қудаламау иммунитетінен айыратын заңға қол қойған. Заң сонымен бірге экс-президент пен оның туыстарының қауіпсіздігін өмір бойы мемлекет қазынасынан қаржыландыруға мүмкіндік беретін ережені де жояды. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған 82 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік органдар мен шенеуніктерге және халыққа мәлімдеме жасау құқығынан да айырылады.
  • 2000 жылы қабылданған "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заңы елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына көп басымдық берді. Заңға сай, Назарбаев пен оның отбасы мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, қамалмайды, мүлкі тәркіленбейді, оларға шектеу қойылмайды.
  • Сарапшылар елбасы туралы заң жойылса да, Назарбаевқа берілген артықшылықтар сақталады, президент туралы заңға сәйкес, оны қудалауға тыйым салынғанын айтады. Олардың пікірінше, Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаевтың билікке ықпалы әлсіреді, ал қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі күшейді. Тоқаев жұрт алдында сөйлеген сөздерінде Назарбаев пен оның айналасын сынға алып, Назарбаевтың жақындарын қызметтен кетірген. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мәжілістегі депутаттық мандатын қайтарды. Экс-президентің немере інісі Қайрат Сатыбалды мен Назарбаевтар әулетінің құдасы Қайрат Боранбаев "ақша жымқыру" айыбымен қамауға алынды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG