Accessibility links

Оралда "полицияға бағынбады" деп айыпталған белсенді жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 күнге қамалды


Белсенді Орынбай Оқасов. Орал, 15 ақпан, 2023 жыл.
Белсенді Орынбай Оқасов. Орал, 15 ақпан, 2023 жыл.

Оралда азаматтық белсенді Орынбай Оқасов сот шешімімен 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Ол сонымен бірге сегіз жылға жүргізуші куәлігінен де айырылды. Әкімшілік сот судьясы Руслан Сейітқалиев Оқасовты "алкоголь ішкенін-ішпегенін тексергісі келген полиция қызметкерінің талабына бағынбады" деп таныды.

Полиция хаттамасындағы ақпаратқа қарағанда, 9 ақпанда полиция ықзметкерлері Орал ортасында "көлікті сау күйінде айдамау белгілері" байқалған Оқасовтың көлігін тоқтатқан.

"Ол құқық қорғау органы өкілінің көліктен түсу туралы талабына бағынбаған". Бұдан соң көліктің әйнегі сынған. Әкімшілік іс материалдарында осылай деп жазылған.

Белсенді сот сараптамасы орталығына жеткізілген, полицияның айтуынша, Оқасов ол жақта да медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан. Іс материалдарына қарағанда, сол кезде нарколог дәрігер Оқасовты сырттай бағалап, "алкоголь ішкенін" анықтаған.

Ал Оқасовтың өзі сотта хаттамада айтылған жайттарды жоққа шығарды. Оның сөзінше, ол әкіммен есептік кездесуден кейін көлікпен үйіне қайтып бара жатқан кезде оны тоқтатқан.

"Мені еш себепсіз тоқтатты. "Не үшін тоқтаттыңыздар?" деп сұрап едім, "бұрылыс көрсеткіші жанбаған" деді. Сол кезде тексеріп көрсем, машинаның барлық сигналы істеп тұр. Бұдан соң маған бір қызметкер өздеріне біреу хабарласып, менің "ішіп алғанымды айтты" деді. Бірақ мен сап-саумын. Көліктен түсуден бас тарттым, – деді Оқасов.

Оның сөзінше, бұдан соң полицейлер оның көлігінің терезесін сындырып, көліктен күштеп шығарған, медицина сараптамасына апарған, жолда ұрған.

Белсендінің айтуынша, медициналық сараптамадан өту үшін оған мемлекеттік адвокат берілген, басқа адвокат шақыруға рұқсат етілмеген.

"Мен куәландырудан өтуден бас тартқан жоқпын" деді Оқасов.

Сараптама орталығынан кейін белсенді полиция бөліміне әкелінген. Мұны полиция қызметкерлері де растады. Оқасовтың сөзінше, ол жақта да оның құқығы бұзылған: оған ас-су бермеген және адвокат шақыруға рұқсат бермеген. Сотта полицейлер барлық айыпты мойындамады.

Судья шешім шығарған кезде Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне жеке қаулы шығарды.

Сот шешімі шыққан соң, Орынбай Оқасов бірден қамауға алынды. Оның адвокаты Жанболат Құлжанов Азаттыққа шешімге шағым түсіретінін айтты.

Орынбай Оқасов – бейбіт митингілерге қатысып, елдегі маңызды мәселелерге қатысты пікірін ашық айтып жүрген белсенді. Сол үшін әкімшілік жауапқа да тартылған. 2021 жылы қарашада "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған белсендінің бостандығы бір жылға шектелген. Бірақ "митингіге қатыспақ болғаны үшін" бірнеше айдан соң түрме жазасы берілді. Белсенді былтыр күзде түрмеден босап шықты.

Жуырда Орал соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған белсенділер Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаевтың бостандығын 1,5 жылға шектеген.

XS
SM
MD
LG