Accessibility links

Eurasianet Қытайда Қазақстанға келмек болған журналист Жанаргүл Жұматай ұсталғанын хабарлады


Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерьлерінің" бірі.
Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерьлерінің" бірі.

Қытайдың Үрімжі қаласында күш құрылымдары журналист Жанаргүл Жұматайды ұстады деп жазды Eurasianet сайты. Журналиспен жиі хабарласып тұрған дат ғалымы Рун Стинбергке сүйенген басылымның мәліметінше, полиция Жанаргүл Жұматайды 10 ақпанда әпкесінің үйінен ұстап әкеткен.

Стинбергтің айтуынша, Жанаргүл Жұматайдың бауырлары да журналистің ұсталғанын растаған. Дат ғалымы Eurasianet басылымына Жанаргүл мен полиция қызметкерлері арасында ұстауға дейін болған телефон әңгімесін жіберген. Жазбада Жанаргүл Жұматай үйіне компартия мүшелері келгенін қаламайтынын айтып, оның мазасын алмауды өтінген.

Жанаргүл Жұматай бұған дейін тарихи отаны Қазақстанға кеткісі келетінін мәлімдеген. Стинбергтің айтуынша, ол елшілік пен Қазақстанда тұратын туыстары арқылы шекара асуға мүмкіндік беретін құжат алуға тырысқан. Ол бұрын Қазақстанда тұрып, мемлекеттік арнада жұмыс істеген.

Жанаргүл Жұматай Қытайда бұрын да қуғынға ұшыраған. 2017 жылы ол "саяси тәрбиелеу лагеріне" қамалған. Шыңжаңда байырғы халық өкілдерін оқшаулау үшін қолданылатын мұндай лагерьлерді көргендер онда қысым мен азаптау барын айтқан. БҰҰ мәліметінше, 2018 жылы миллионнан астам адам лагерьде отырған. Тұтқындардың басым бөлігі – ұйғырлар.

2019 жылы лагерьден босап шыққан Жанаргүл Жұматай биліктің жіті бақылауында болған. Биыл қаңтарда ол билік оған өз еркімен психиатрия клиникасына жатуды ұсынғанын, келіспесе, түрмеге жабатынын айтып қорқытқанын жеткізген. Ол Қазақстанға барғысы келетінін мәлімдеген.

Қытай билігіне экономикалық жағынан тәуелді Қазақстан билігі әзірше Жанаргүл Жұматайдың ұсталғаны туралы ақпаратқа түсінік бермеді. Бұған дейін ресми Астана Шыңжаңда байырғы түркі халықтарының қудалануын Қытайдың "ішкі ісі" деп атаған.

  • 2022 жылы БҰҰ баяндамасында Шыңжаңда "адамзатқа қарсы қылмыс деуге келетін өрескел заңсыздықтар" болғанын жазған. Сарапшылар 2017-2019 жылдар аралығында "саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" адамдар жаппай қамалғанын айтқан. Лагерьде отырып шыққан ондаған адамның сұхбатына сүйенген баяндама авторлары лагерьлердегі "жиі қайталанатын адам азаптау фактілері мен адамның ар-намысын қорлайтын өзге де қатыгездікті" толық сипаттаған. Олар зорлық-зомбылық, адамдарға медициналық сынақ жүргізу, күштеп түсік жасату сияқты әрекеттер туралы жазған.
XS
SM
MD
LG