16 ақпанда Мәскеудің Домодедово әуежайында ұсталып, Шешенстанға жеткізілген шешен азаматы Идрис Арсамиков видеомәлімдеме жасады. Онда ол "Шешенстанда құқығы бұзылмағанын және Украинадағы соғысқа баратынын" мәлімдейді.
Шағын видеода Арсамиков құқық қорғаушылардан "мазасын алмауды" өтінеді және өзі мен отбасына "кір жақпауды" сұрайды. Ол өзін "патриот, еркек" деп атап, "жуырда үйленгісі келетінін" айтады. Арсамиков өзінің екі бауыры Украинада соғысып жүргенін айтып, соларға қосылғысы келетінін жеткізген. Видеода сонымен бірге Арсамиковтің анасы мен ағасы сөйлеп, "ақпарат құралдарын оның біржынысты екені туралы ақпарат тарата беруді доғаруға" үндеген.
Солтүстік Кавказда ЛГБТ өкілдері мен зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін "СК SOS" белсенділері "Арсамиков видеоны туыстары мен құқық қорғау органдарының қысымымен жазуы мүмкін" деп топшылайды. Билікті ақтау мақсатында жасалатын мұндай "кешірім сұрау" түрлері – Шешенстанда жиі кездесетін практика. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Арсамиковті соғысқа жіберу арқылы шешен билігі оның ісі төңірегіндегі "артық шудан арылғысы келеді".
Нидерландыда төрт жыл тұрған Арсамиков Шешенстанға әкесінің жерлеу рәсіміне барған. 16 ақпанда ол Нидерландыға ұшпақ болған кезде Мәскеудің Домодедово әуежайында ұсталған. Ақпарат құралдарының жазуынша, оны ұстауға Шешенстанда оның үстінен "алаяқтық" бойынша қозғалған қылмыстық іс "түрткі болған". Мәскеуде де, Шешенстанда да оған адвокатты кіргізбеген.
Арсамиков бірнеше жыл бұрын Нидерландыдан саяси баспана алған. Сол кезде ол Шешенстанда өзін гей болғаны үшін қудалап, азаптағанын және елінде оны өлім күтіп тұрғанын айтқан.
- Шешенстан билігі ЛГБТ өкілдерін тұрақты түрде қудалайды. Бұл жөніндегі ақпарат австриялық сарапшы Вольфганг Бенедектің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына арнап әзірлеген баяндамасында айтылады. Ол шешен гейлеріне қарсы кампанияға республика мен федерация билігі ұстанымының қатысы бар дейді. Сарапшы гейлердің қудалануына республика басшысы Рамзан Қадыров пен шешен парламентінің жетекшісі Магомед Даудов тікелей жауапты деп тұжырымдайды.
ПІКІРЛЕР