Accessibility links

BBC: Ақпанда Украинадағы соғыста қаза болғандар көбейген


Ақпанның алғашқы екі аптасында Украинадағы соғыста қаза болған ресейліктер алдыңғы айлармен салыстырғанда бес есе көбейіп, кемінде 1679 адамның өлімі расталған. Басқыншылық басталғалы бері Ресей армиясы осынша көп шығынға ұшырамаған. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі хабарлады. Аталған редакция "Медиазона" және еріктілер тобымен бірігіп, Украинадағы соғыста қаза болған ресейлік солдаттардың тізімін жасап келеді.

2023 жылғы 17 ақпанға дейін журналистер 14 709 солдат қаза болғанын растата алған. Қаза болғандардың басым бөлігі – еріктілер, "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының жалдамалы қызметкерлері мен мобилизацияланғандар.

Журналистердің айтуынша, олар тек солдат қаза болғаны хабарланған мәліметтерге сүйенген, сол себепті қаза болғандар бұдан кемінде екі есе көп болуы ықтимал. Украинадағы соғыста Ресей кемінде 29 500 адамынан айырылған болуы мүмкін.

Зерттеуші журналистер мобилизацияланғандардың кемінде 1121-і қайтыс болғанын, 40 пайызы 1 қаңтардан бергі кезеңде өлгенін жазды.

Бұған дейін ақпарат құралдары соғысқа жетпей, Ресей аумағындағы әскери бөлімдерде немесе жиналу орындарында мерт болған кемінде 50 солдат туралы жазған. Олардың кейбірі ауырғаннан немесе медициналық көмек ала алмағаннан қаза болған. Кемінде сегіз адам "өзіне қол жұмсаған", алты адам "қайғылы оқиғадан" өлген.

Ақпаратқа қарағанда, адам шығыны жағынан халық тұрмысы төмен аймақтар алда тұр. Қаза болғандардың 425-і Бурятиядан, 463-і Башқұртстаннан, 425-і Дағыстаннан. Бұған қоса, қаза болғандар арасында Свердлов, Краснодар, Челябинск облыстарынан шыққандар көп. Мәскеуде Ресей халқының 9 пайызға жуығы тұрса да, қаза болғандардың 98-і ғана – мәскеулік.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері кемінде 1732 офицерінен айырылған. Көп жағдайда жеке құраммен жұмыс істейтін, жаңа келгендерді соғысуға үйрететін және соғыс жағдайында шешім қабылдайтын кіші офицерлерлер өліп жатыр. Қаза болғандардың шамамен 3 мыңы – элиталық жасақ өкілдері: арнайы жасақ сарбаздары мен теңіз жаяу әскері, әскери ұшқыштар. Соғыс басталғалы бері Ресей кемінде 120 ұшқышынан айырылды.

  • Ресей Украинаға былтыр 24 ақпанда басып кірген. БҰҰ-ның 2022 жылғы желтоқсандағы дерегі бойынша, соғыста Украинаның 6702 бейбіт тұрғыны опат болған, 424-і – бала. Ұйым өкілдері бұл ақпарат толық емес деп ескертті.
  • Украина билігі Ресей әскерінің "бейбіт тұрғындарға жасаған" көп қылмысын зерттеп жатыр. Ресей бейбіт тұрғындар өліміне қатысын мойындамайды.
  • Ресей армиясы Украинадағы соғыста қанша солдаты өлгенін жарияламайды. Пентагон 2022 жылғы қарашада екі жақтың әрқайсысы соғыста шамамен 100 мың солдатынан айырылды деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG