Accessibility links

Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол 18 наурызға дейін жалғасады


18 ақпанда Астана уақыты 18.00-де мәжіліс және мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу аяқталып, үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол 18 наурызда сағат 00.00-ге дейін жалғасады. Бұдан соң "тыныштық күні" болады.

Кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді.

18 ақпанда орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мәжіліс сайлауына партиялық тізім бойынша жеті саяси партия атынан 281 кандидат тіркелгенін хабарлаған. Сарапшылар тіркелген партиялар арасында шынайы оппозиция ұйымы жоқ деп жүр.

18 ақпанда ОСК жиынында "жеребе тасталып", соның нәтижесінде бюллетеньдегі партиялардың орны анықталды: бірінші орында – "Аманат", екінші орында – "Ауыл", одан кейін Respublica, Қазақстан халық партиясы, бесінші орында – "Байтақ", алтыншы орында – "Ақ жол", ең соңында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) тұрады.

"Аманат" атынан партиялық тізім бойынша мәжіліс сайлауына 90 кандидат, "Ақ жолдан" 54, Қазақстан халық партиясы атынан 52, "Ауылдан" 25, ЖСДП-дан 19, жаңадан тіркелген Respublica мен "Байтақтан" 23 және 18 кандидат қатысады.

Мәжілістің 69 депутаты партиялық тізіммен, 29-ы бірмандатты округтерден сайланады. Мәжіліс сайлауына бірмандатты сайлау округтері бойынша 609 кандидат ұсынылған: 79 кандидатты партиялар, тағы бес кандидатты төрт қоғамдық бірлестік ұсынған. Қалғаны – өзін-өзі ұсынғандар. Түрлі деңгейдегі мәслихаттарға барлығы 12 мыңға жуық кандидат ұсынылған.

Парламент сайлауы қарсаңында Астана аралас мажоритар-пропорционал жүйе енгізілгенін алға тартып, сайлау "бәсеке жағдайында өтеді" деп мәлімдеді. Сыншылар саяси режим өзгермегенін, билік саяси күштер арасында шынайы бәсекеге жол бермей отырғанын айтады. Олардың пікірінше, бірмандатты округтерде оппозиция кандидаттары тіркелсе де, сайлауды бақылау мен дауыс санау бәрібір Ақорданың қолында.

XS
SM
MD
LG