Accessibility links

Қарағандыда "кандидат ретінде тіркелмей тұрып эфирге шыққан" заңгерді жауапқа тартып жатыр


 Жасұлан Айтмағанбетов.
Жасұлан Айтмағанбетов.

18 ақпанда Қарағандыда аудандық прокуратура өкілдері мәжіліс сайлауына қатыспақ болған құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетовке "әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны" туралы қаулы тапсырды. Айтмағанбетовке 8 ақпан күні әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған "видеоэфир кезінде сайлауды талқылады" деген айып тағылып отыр. Айтмағанбетов ол кезде депутаттыққа үміткер ретінде тіркеліп үлгермеген.

"Айтмағанбетов мәселелер туралы айтып, осылайша өзі мен өзге кандидаттарға қатысты сайлауалды үгіт-насихат жүргізген. Айтмағанбетовтің әрекетінде сайлауалды үгіт-насихатқа тыйым салынғанына қарамастан, үгіт-насихат айту белгілері байқалады" деп жазылған прокуратура қаулысында.

Ал Айтмағанбетов айыпты мойындамайды. Ол 8 ақпанда үміткер ретінде тіркелмегенін, үгіт-насихат жүргізбегенін айтты.

"Сайлауалды үгіт-насихат – белгілі бір кандидатты қолдауға бағытталған шара. Мен 13 ақпанда кандидат болдым. Ал мені қарапайым азамат болып тұрғанда шыққан материал үшін айыптап отыр. Мен мұны прокуратураға да айттым. Заңды қалай түсінуге болады және мені неге қудалап отыр? Осының бәрін көз алдымызда жасап жатыр. Мен заң бұзған жоқпын. Мені осы негізде кандидаттар қатарынан алып тастауға күш салып жатыр" деді Жасұлан Айтмағанбетов.

Ол 18 ақпанға қараған түні біреулер көлігінің дөңгелегін тесіп кеткенін де айтты. Айтмағанбетов Азаттыққа дөңгелегі тесілген көлігінің суреті мен видеосын да жіберді.

Бұған дейін осыған ұқсас әкімшілік іс мәжіліс депутаттығына үміткер белсенділер Марат Жыланбаев пен Амангелді Жахиннің үстінен қозғалған.

Ал 17 ақпанда Қарағанды жұрты қала ортасына "Аманат" партиясы мен өзін-өзі ұсынғандар туралы екі үлкен баннер ілінгенін байқап, желіде қызу талқылады. Алайда баннерді ілгендер әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы ақпарат шыққан жоқ. Кейін Қарағандыдағы пабликтердің бірінде партия өкілдері "үгіт-насихат кезеңі басталмай тұрып баннер ілу себебін" түсіндірді. Партия өкілдері жарнама агенттігін "келісімшартты бұзды" деп кінәлап, сотқа жүгінетінін айтты.

Елде үгіт-насихат кезеңі 18 ақпанда сағат 18.00-де басталды. Ол 18 наурызға дейін жалғасады. Кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. Мәжілістің 69 депутаты партиялық тізім, 29-ы бірмандатты округтер бойынша сайланады.

Бірмандатты округтер бойынша азаматтық белсенділер мен тәуелсіз журналистер кандидат ретінде тіркеле алса да, билікті сынаушылар шынайы бәсекені емес, әншейін оның имитациясын көріп отырғанын, сайлауды бақылау мен дауыс санау жүйесі президент әкімшілігінің қолында қалғанын айтады.

XS
SM
MD
LG