Accessibility links

"Қателескенін мойындады, бір-бірін кешірді". Жапаров елдің экс-президенттерімен кездескенін хабарлады


Садыр Жапаров.
Садыр Жапаров.

Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Facebook-тегі парақшасында елдің бұрынғы президенттерімен кездесу өткізгенін хабарлады. Мұндай сипаттағы кездесу бұрын-соңды ұйымдастырылмаған. Қырғызстанның бұрынғы басшыларының көбі жаппай наразылық нәтижесінде биліктен кетіп, кейбіріне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Жапаров жазбасында кездесу қашан және қай жерде өткенін айтпады. Ол елдің бұрынғы басшыларының басын қосуды баяғыдан бері ойлап жүргенін және "басшылардың басы қосылмай, олардың жақтастары да бірікпейтінін" атап өтті. Оның сөзінше, бұрынғы президенттер өткен оқиғаларлы талқылап, бірігу бастамасын қолдаған.

"Әрине, бұрынғы президенттер ащы сөздер айтты, іштегі ренішін шығарды, қателескенін мойындады. Ең бастысы – олар бір-бірін кешіре алды. Менің мақсатым да осы еді. Иә, саясатта әрқайсысының кемшіліктері болды, қайғылы оқиғалар мен қантөгістер болды" деді президент. Ол ел азаматтарын бірігуге, Қырғызстанның мүддесін ойлауға үндеді деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Жапаровтың баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаевтың айтуынша, кездесуге бұрынғы президентер Асқар Ақаев, Құрманбек Бакиев, Роза Отынбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков қатысқан. Сұлтанбаевтың айтуынша, кездесу орны ретінде "белгілі бір себептерге байланысты нейтрал аумақ таңдалған".

Қырғызстан тәуелсіздік алғалы бері президент қызметін Асқар Ақаев (1991-2005 жылдары), Құрманбек Бакиев (2005-2010 жылдар), Роза Отынбаева (2010-2011 жылдары), Алмазбек Атамбаев (2011-2017 жылдары) және Сооронбай Жээнбеков (2017-2020 жылдары) атқарған.

Ақаев – 2005 жылғы революциядан кейін, Бакиев 2010 жылғы революциядан кейін елден қашты. Жээнбеков те 2020 жылғы жаппай наразылықтан кейін қызметінен мерзімінен бұрын кетті. Отынбаева уақытша президент болды. Атамбаев биліктен қуылған жоқ, бірақ ол экс-президент мәртебесінен айырылып, 3,5 жылдан астам уақыт түрмеде болды. Бірнеше күн бұрын ол мерзімінен бұрын босатылып, шетелге емделуге ұшып кетті. Ақаев пен Бакиев шетелде тұрып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG