Accessibility links

АҚШ вице-президенті Ресейді адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптады


Риши Сунак пен Камала Харрис Мюнхен конференциясында қол алысып тұр. Ақпан, 2023 жыл.
Риши Сунак пен Камала Харрис Мюнхен конференциясында қол алысып тұр. Ақпан, 2023 жыл.

"Батыс елдерін араздастырғысы келген Владимир Путин дегеніне жете алмады" деді 18 ақпанда Мюнхендегі қауіпсіздік жөніндегі конференцияда сөз сөйлеген АҚШ вице-президенті Камала Харрис. Америкалық саясаткер Вашингтон Украинаға ұзақ уақыт көмектесуге ниетті деді.

"АҚШ тәуелсіздіктің маңызын түсінеді" деді Харрис. Ол былтыр "24 ақпанның алдында АҚШ-қа Ресей басқыншылығы туралы ескертілген кезде көбінің алдында Батыс елдерінің жауабы қандай болады деген сұрақ тұрды. Бір жылдан соң Киев әлі орнында тұрғанын, Ресей әлсірегенін, трансатлантикалық одақ бұрын-соңды болмаған дәрежеде қуатты одаққа айналғанын көріп тұрмыз" деді.

"Ресейдің Украинаға соғыс ашуы – Батыс елдерінің жалпы құндылықтарына жасалған шабуыл" деді Харрис. Ол Ресей адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп мәлімдеп, кінәлілерді жауапқа тартуға үндеді. Ол Ресей солдаттары жасады деп айтылатын Буча қырғынын еске алды. Ресей армиясы Буча мен Украинаның өзге қалаларындағы қырғынға қатысы жоғын айтып келеді.

Мюнхенде сөйлеген Камала Харрис соғыстың ғаламдағы жағдайға әсерін айтты.

"Қандай да бір мемлекет басқа бір мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзған кезде барлық елге қауіп төнеді. Егемен елдердің тәуелсіз өмір сүруге құқығы бар. Егер Путин шабуылдап, жеңіске жетсе, онда өзге елдер де одан үлгі алып, күш қолдануы мүмкін" деді вице-президент.

Ол сонымен бірге Қытайға Ресейге әскери көмек бермеу жөнінде ескертті. Оның сөзінше, егер Қытай Ресейді қолдаса, онда басқыншылық, адам өлтіру мен құқықтық нормаға негізделген тәртіпті жоюды да қолдаған болып шығады.

Қытай сыртқы істер министрі Ван И Германиядағы конференция кезінде Қытай "украин дағдарысын реттеуге үлес қосуға дайын" деп мәлімдеді. Ван И "Пекин әрдайым бейбітшілік пен диалогты қолдау ұстанымынан айнымайды" деді.

Ол сонымен бірге мемлекеттер арасындағы мәселе қысым мен біржақты санкциялар емес, диалог пен келіссөздер арқылы шешілетінін жеткізді. "Бейбітшілікке жол берілуі керек" деген ол АҚШ-ты "лас кампаниялары мен агрессияшыл әрекеттері үшін" айыптады.

Ван И Тайвань алдағы уақытта егемен, жеке мемлекет болмайтынын да ескертті.

Германия сарапшылары мен ақпарат құралдарының жазуынша, Қытайдың бейбітшілік бастамасы Ресей басқыншылығын аяқтауға бағытталса, онда бұл Батыс саясаткерлерінің ұзақмерзімді мақсаттарына сәйкес келеді және Ресейдің халықаралық аренадағы позициясын әлсіретеді. Қытай ұстанымына реакция білдірген Германия сыртқы істер министі Анналена Бербок "бейбітшілікке қол жеткізу үшін кез келген мүмкіндікті пайдалану керек", "Пекин БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жауапты мүшесі ретінде әрекет етіп отыр" деді. Оның ойынша, "кез келген бейбіт ұсыныс мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығы принциптеріне негізделуге тиіс".

Конференция кезінде Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак Украинаға әскери көмегін жалғастыратынын мәлімдеді. Ол Украинаға танкілер, әуе шабуылына тойтарыс беретін жүйелер, артиллерия қажет екенін айтты. "Алысқа ұшатын қару Украинаға басып алынған жерлерін қайтаруға көмектеседі" деді Сунак.

Әскери ұшақ беруге қатысты сұрақ қойылғанда, Ұлыбритания премьер-министрі сұрақтан жалтарды. Ол украин ұшқыштары Ұлыбританияда дайындықтан өтеді деп қана қойды.

Украина вице-премьері Александр Кубраков конференция кезінде Батыс елдерінен кассеталық бомбалар мен фосфор оқ-дәрісін беруді талап етті. Қарудың бұл түрлерін қолдануды көп ел айыптайды. Кубраковтың айтуынша, Ресей де осы қару түрін Украинаға қарсы пайдаланып жатыр, сол себепті украин әскері де оны пайдаланғысы келеді деді.

Украин саясаткері "мәселе Украинаның егемен аумағы жөнінде болып отыр" деді. Ол қабылданған келісімдерге байланысты бұл қиын екенін түсінетінін, алайда мұндай оқ-дәрі "бәлкім, Ресей шабуылына тойтарыс беруге көмектесіп қалар" деді. Азаттықтың Орыс қызметі Александр Кубраковтың ұсынысын Батыс саясаткерлері аң-таң күйде қабылдады деп хабарлады.

Украина премьер-министрінің орынбасары сонымен бірге Украинаға әскери ұшақ жеткізу мәселесін де қозғады. Оның сөзінше, бұл – күрделі мәселе, алайда қазірден бастап украин ұшқыштарын дайындау бағдарламасын бастауға болады.

Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий Варшава өзге елдермен бірге Украинаға әскери ұшақ беруге дайын, тек "НАТО рұқсат берсе болғаны" деді. "Варшава Украинаға америкалық F-16 ұшағын беруге дайын ба?" деген сұраққа Моравецкий "ондай ұшақ Польшаның өзіне жетпейді" деді.

Мюнхен конференциясы кезінде Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Украинаға қайырыла "Еуропа елдері Украинаға оқ-дәрі шығару үшін ресурстарды жұмылдырады" деді.

XS
SM
MD
LG