Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев 20 ақпанда қала әкімдігі алдындағы Абай атындағы орталық алаңда "Өмір сүргім келеді. I want to live" деген жазуы бар плакатпен бір адамдық пикетке шықты. Мүгедектігі бар зейнеткер зейнетақыны өсіріп, зейнет жасын азайтуды талап етті.
Өтебаев пикет кезінде қолына Қазақстан Конституциясы мен әкімдікке митинг өткізу бойынша тапсырған өтініштерін ұстап тұрды. Қала тұрғынының митинг өткіземін деп тапсырған барлық өтінішіне әкімдік рұқсат бермеген еді. Ол митингіге рұқсат бермеу Конституцияға қайшы деп біледі.
"Әлеуметтік әділдік талап етемін, зейнетақы мен жәрдемақыны өсірсін. Қартайған адамдар зейнет жасына жете алмай жатыр, сондықтан зейнет жасын түсіруді талап етемін. Жетім балаларға, мүгедек балаларға, көпбалалы отбасыларға тегін үй берілсін. Біздің талап етуге құқығымыз бар, себебі еліміздің байлығы болса да, халық кедей тұрамыз"деді Өтебаев.
Кейін алаңға әкімдік қызметкері келіп, пикетті "заңсыз" деп, тоқтатуды талап етті. Тағы бір адам смартфонға түсірді. Артынша әкімдік қызметкері кетіп қалды, екіншісі түсірілімді біраз уақыт тоқтатпады. Пикетті алыстан бір полицей бақылап тұрды.
Зейнеткер әкімдікке 20-22 ақпан күндері бір адамдық пикет өткізетінін ескерткен, бірақ ішкі саясат басқармасы пикетке рұқсат бермеген. Жергілікті билік пикетке рұқсат бермеу себебін түсіндірмеген. Өтебаев әкімдік рұқсат етпесе де, алдағы уақытта бейбіт акциялар ұйымдастыра беретінін айтып отыр.
Оралдық белсенді Бекболат Өтебаев қаладағы бейбіт акцияларға жиі қатысып, саяси-әлеуметтік талаптар айтып жүр. Ол бірнеше рет ұсталып, "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деген айыппен әкімшілік жазаға тартылған.
ПІКІРЛЕР