Ресейдің Саратовтағы әскери институтында оқып жүрген Қазақстан курсанты қайтыс болды. Ресей ақпарат құралдарының хабарын Қазақстан ішкі істер министрлігіне қарайтын Polisia.kz сайты растады.
"19 ақпанда Ресей Федерациясының ұлттық гвардиясына қарасты Саратов әскери институтында Қазақстан ұлттық гвардиясының әскери қызметкері, 3-курс курсанты қаза болды" дейді ресми ақпарат.
Қазақстан курсантының өлімі туралы ақпарат 20 ақпанда тарады. Жергілікті Saratov24 сайты: "19 ақпанда сағат 19.00-де курсанттың оқ тиген мәйіті табылған. Сағат 18.00 шамасында курсант Калашников автоматымен кезекшілікке шыққан. Біршама уақыттан соң бөлімшенің қару бөлмесінің алдында сапқа тұрып, қаруды тапсыруы керек болған" деп жазған.
Қазақстан ішкі істер министрлігінің ақпаратына қарағанда, мамандандырылған "Арыстан" лицейін бітірген курсант 2020 жылы іріктеуден өтіп, Саратов институтына оқуға кеткен.
2020 жылы Қазақстан мен Ресей қорғаныс министрліктері әскери ынтымақтастық туралы жаңарған келісімге қол қойған. Былтыр Қазақстан қорғаныс министрлігі Ресей оқу орындарының арнаулы факультеттеріне курсант жіберетінін хабарлаған.
ПІКІРЛЕР