Accessibility links

Белгород облысында әскери тапсырмадан қайтып келе жатқан ресейлік Су-25 ұшағы құлады


Су-25. Бейтарап сурет.
Су-25. Бейтарап сурет.

Ресейдің Украинамен шекаралас Белгород облысында Ресей қорғаныс министрлігінің ұшағы құлады. Бұл жөнінде аймақ губернаторы Вячеслав Гладков әлеуметтік желіде хабарлады.

"Оқиғаның себебі анықталып жатыр. Жағдай бақылауда" деп жазды ол телеграм-арнасында. Ресей қорғаныс министрлігі ұшқыш қаза болғанын растады. Қанша адам зардап шеккені белгісіз.

Ведомствоның хабарлауынша, Су-25 ұшағы әскери тапсырмадан қайтып келе жатқан кезде апатқа ұшыраған. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа техникалық ақау себеп болуы ықтимал. Ресей қорғаныс министрлігі апат елді мекеннен тыс жерде болғанын айтты.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, қаза болған ұшқыштың денесін алып кету үшін тікұшақ барған. Бұған дейін агенттік дереккөзге сүйене отырып, ұшақ елді мекен маңына құлағанын хабарлаған. Ұшқыш ұшақтан секіріп кеткен.

Baza арнасы ұшақ Орехово ауылы маңындағы қора-жайға құлағаннан кейін өрт басталғанын жазды.

Кейінгі айларда Ресейде бірнеше әскери ұшақ апатқа ұшыраған. 17 қазанда Ейскіде тоғызқабатты тұрғын үйге Су-34 ұшағы құлап, 15 адам мерт болған. Ал ұшқыштар аман қалған.

23 қазанда Иркутскіде Су-30 ұшағы екіқабатты үйге құлап, ұшқыштар опат болған. Рязаньда маусымда Ил-76 әскери ұшағы құлап, сол айда тағы екі Су-25 ұшағы апатқа ұшыраған.

XS
SM
MD
LG