Accessibility links

Алматы әкімдігі журналист, белсенді Инга Иманбайдың Украинаны қолдайтын пикетіне рұқсат бермеді


Инга Иманбай.
Инга Иманбай.

Алматы әкімдігі Украинадағы соғыстың бір жылдығына орай пикетке шықпақ болған журналист, құқық қорғаушы Инга Иманбайға акция өткізуге рұқсат бермеді. Қала әкімі Ерболат Досаев қол қойған жауапта бұған "митинг өткізу туралы ескерту уақытынан бес күн бұрын емес, төрт күн бұрын берілгені" себеп деп жазылған.

"Рұқсат бермеуге ешқандай да негізі жоқ. Мен ескертуді сенбі күні жасадым, тура уақытында ескерттім. Ал беріп тұрған жауабы – ешқандай негізсіз сылтау және тап-таза цензураның көрінісі. Менің азаматтық құқығым шектелді" деді Инга Иманбай.

Қазақстанда заңнама бойынша, митинг я пикет өткізу үшін азаматтар әкімдікке ескертуді кемі бес жұмыс күні бұрын беруі керек.

Инга Иманбай әкімдіктің пикетке рұқсат бермеуі Қазақстан азаматтарының пікір білдіруге әлі де рұқсат алуы керек екенін көрсетеді дейді.

"Ресей Украинаны тез бағындырып алғанда, біздің тәуелсіздігімізге де қауіп төніп тұрар еді. Сондықтан кез келген саналы азамат соғысқа қарсы болуы керек. Бұл соғыс тезірек және Украина жеңісімен аяқталуы керек. Ал Қазақстан азаматтары оған екі есе қарсы болуы керек" деді ол.

Былтыр наурызда Алматы әкімдігі Украинадағы соғысқа қарсы митингіге рұқсат берген еді. Бұл шараға мыңдаған адам қатысып, Ресейдің Украинаға соғысына қарсы шыққан. Бірақ кейінгі уақытта әр аймақтың әкімдіктері Ресей басқыншылығын сынайтын бейбіт митингілерге рұқсат бермей келеді.

Астана қаласы әкімдігі Украинаны қолдайтын бейбіт жиын өткізбек болған азаматтық белсенділер Әйгерім Шадеева мен Равқат Мұхтаровқа сегіз рет келісім бермеген. Биыл 15 ақпанда Көкшетау әкімдігі де Украинаны қолдайтын пикет өткізбек болған белсенділерге рұқсат бермеді.

Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына бір жыл болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG