Accessibility links

БҚО-дағы тікұшақ апаты: Аман қалған екі адам орташа дәрежеде жарақат алған. Тікұшақ "бір ай бұрын тексерілген"


БҚО-дағы тікұшақ апаты. 23 ақпан, 2023
БҚО-дағы тікұшақ апаты. 23 ақпан, 2023

Төтенше жағдайлар министрлігі 23 ақпанда БҚО-да болған тікұшақ апатынан қаза болғандардың аты-жөнін жариялады. Төртеуі де – "Қазавиақұтқару" қызметкерлері: әуе кемесінің командирі Довлетбай Қанатов, екінші ұшқыш Владимир Афанасьев, борт механигі Сиязбек Андосов және инженер Жәрдем Досқалиев. Апаттан тірі қалған "Қазавиақұтқару" инженері Сергей Щеглов пен "ҚазТрансОйл" өкілі С.Ерғалиев түрлі жарақатпен Орал қалалық ауруханасына жеткізілген. 24 ақпан күнгі брифинг кезінде төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, екі адам орташа дәрежеде жарақат алған. Ол зардап шеккендердің жағдайын дәрігерлер нақты білетінін айтты.

Бір күн бұрын Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино кентінің ашық аумағында Ми-8 тікұшағы дұрыс қона алмай, төрт адам қаза тауып, екі адам жараланған еді. Тікұшақ "ҚазТрансОйл" компаниясының өтінімі бойынша "Өзен-Атырау-Самара" магистральдық мұнай құбырын бойлай ұшқан.

ТЖ министрлігінің мәліметінше, қазір апат себебі анықталып жатыр. Тікұшақ экипажында тәжірибесі мол кемінде 10 білікті маман болған. Апатқа ұшыраған ресейлік МИ-8 тікұшағы 2021 жылы шығарылған. 2023 жылы 17 қаңтарда Атырау қаласында техникалық тексеруден өткен.

"2021 жылы жасап шығарылған Ми-8 тікұшағы әуеде 250 сағат ұшқан, 2023 жылғы 17 қаңтарда Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен. 2030 жылы әуе кемесі алғашқы күрделі жөндеуден өтуі керек болған. Тікұшақ пайдаланылған сәттен бастап ұшуға жарамдылығына әсер ететін ақаулар мен ескертулер болған жоқ" деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, 24 ақпанда оқиға орнына тікұшақты әзірлеген зауыт өкілі ұшып барады, тергеумен ішкі істер министрлігіне қарасты көлік полиция департаментінің қызметкерлері мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеу департаментінің қызметкерлері айналысады.

Бұған дейін "Екі немесе одан да көп адамның қазасына әкелген әуе кемесін жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарлаған еді.

Министрліктің мәліметінше, 2008 жылы да Қызылордада төтенше жағдай министрлігіне тиесілі МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырап, бес адам опат болған. Бұл – содан бергі екінші апат.

Ресми мәлімет бойынша, "Қазавиақұтқару" авиапаркінде 31 тікұшақ бар: бір Ми-8Т, екі Ми-171, бір Ми-8МТВ, жеті Ми-8АМТ, 16 ЕО-145, екі Н-145, екі Н-130 тікұшағы бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG