Accessibility links

Алматыда Тарас Шевченко ескерткіші маңына бірнеше адам жиналды. Тұрғындар гүл қойып жатыр


Тарас Шевченко ескерткіші алдына Украина туын қойып жатқан белсенді Марат Тұрымбетов. Алматы, 24 ақпан, 2023 жыл.
Тарас Шевченко ескерткіші алдына Украина туын қойып жатқан белсенді Марат Тұрымбетов. Алматы, 24 ақпан, 2023 жыл.

24 ақпанда Алматыда украин ақыны Тарас Шевченко ескерткіші маңына бірнеше құқық қорғаушы мен белсенді жиналып, Ресей басқыншылығын айыптап, Украинаға қолдау білдірді. Бұған дейін әкімдік белсенділерге Украинаны қолдау акциясын өткізуге рұқсат бермеген еді. Бірақ белсенділер мәселеге бейжай қарамайтынын көрсету үшін жұма күні түсте осы жерге жиналатынын хабарлаған.

Ескерткіш маңында құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов "зұлымдық жазасыз қалмауы керек" деді.

"Қанды соғысқа қарамастан, Украина гүлдене берсін. Өз халқын зомбиге айналдырған Путин Гаага сотында заңға сәйкес жауапқа тартылуға тиіс. Әділдікке сай жазаға тартылсын!" деді.

Белсенді Марат Тұрымбетов билік Украинаны қолдау митингісін өткізуге рұқсат бермегендіктен, осылайша шағын еске алу шарасын өткізуге тура келгенін айтты.

"Соғыста қаншама адам қырылып жатыр. Қазақстан бейбітшілікті қолдайды. Ресей тәуелсіз мемлекетке шабуылдады. Көрші Ресейде Қазақстан аумағына қатысты да түрлі мәлімдемені естіп жүрміз. Қазақтар үшін бұл – өте нәзік тақырып. Себебі Ресей әрқашан Қазақстанды өзінің провинциясы көріп, Солтүстік Қазақстаннан дәмеленеді" деді белсенді.

Ары-бері өткен тұрғындар ескерткішке гүл қойып жатыр. Көбі – ресейліктер. Азаттық тілшісі сөйлескен Ресей азаматтары былтыр соғыс басталғаннан кейін сәуірде Алматыға қоныс аударғанын, соғысты қолдамайтынын айтты.

"Еске алған маңызды деп ойлаймын. Мен сияқты Қазақстан азаматтығы жоқ, Ресей азаматы үшін рұқсат етілмеген акцияға қатысу, пикетке шығу әрқашан қауіпсіз деп айта алмаймын. Ал мынадай шара – еске алудың қауіпсіз амалы" деді Азаттыққа гүл қойған азаматтардың бірі.

Гүл қойғандар арасында Алматы тұрғындары да бар.

Интернетте "Бұл дұрыс емес" деп жазба жариялағанның орнына, тіпті кішкентай шара болса да, келіп, құрбандарды еске алған маңызды деп білемін" деді тағы бір Ресей азаматы.

Айналаны полицейлер бақылап тұр. Жақын жерде полицияның бірнеше "ГАЗелі" мен автозак тұрғаны байқалды.

  • 2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға "денацификация және демилитаризация жасаймыз" деген желеумен басып кірген еді. Ресей президенті Путин Украинаға соғыс ашқан кезде Украинаның жерін басып алу мақсаты жоғын айтқанымен, бір жылдың ішінде Ресей Запорожье, Херсон облыстарының бір бөлігін оккупациялап алды.
  • Былтыр наурызда Алматы әкімдігі Украинадағы соғысқа қарсы митингіге рұқсат берген еді. Бұл шараға мыңдаған адам қатысып, Ресейдің Украинаға соғысына қарсы шыққан. Бірақ кейінгі уақытта әр аймақтың әкімдіктері Ресей басқыншылығын сынайтын бейбіт митингілерге рұқсат бермей келеді.
  • Бұдан бөлек, қазақстандықтар Украинаның соғыстан зардап шеккен аймақтарына бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберіп, Ресейдің шабуылынан жарықсыз қалған Украина қалаларына генераторлар жөнелткен. Ал Украинадағы қазақстандықтар Буча, Киев қалаларына киіз үй тіккен.
  • 23-26 ақпан аралығында дүниежүзінде Украинаны қолдау митингілері өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG