Accessibility links

Қытай GPT чат-ботын "Американы насихаттады" деп айыптап, жауып тастады


Қытайдың Tencent және Ant Group компаниялары Пекиннің талабымен ChatGPT ботын жапты. Бұған дейін Қытай ақпарат құралдары оны "Американы насихаттады" деп айыптаған.

Американың OpenAI компаниясы әзірлеген ChatGPT чат-боты бұған дейін Қытайда жабық еді. Алайда тұрғындар чат-ботқа VPN көмегімен кіріп жүрген. Tencent компаниясына тиесілі WeChat қосымшасында ChatGPТ-тің түрлі қызметін (код, өлең, тіпті ғылыми мақала жазу қызметі) ұсынатын ондаған "мини-бағдарлама" болған. Енді бұл бағдарламалар "заң мен ережелерді бұзғаны үшін" бұғатталды.

Бірнеше күн бұрын Қытай ақпарат құралдары ChatGPT "Америка үкіметіне жалған ақпарат, оның ішінде Шыңжаңдағы геноцид туралы бұрмаланған ақпарат таратуға көмектесуі мүмкін" деп жазған.

Дереккөздерге сүйенген Nikkei Asia басылымы Қытайдың технология саласындағы мамандары Қытайдағы цензураға байланысты америкалық чат-ботты жабу шешіміне таңғалмайды деп жазды. Қытайда өзге интернет-ресурстармен бірге Google, Facebook, YouTube, Twitter, Reddit және Wikipedia жабық.

Былтыр қарашадан бастап істей бастаған ChatGPT чат-ботын қолданушылар саны 100 млн-ға жетті. Қытай технология компаниялары соған ұқсас сервистерді іске қосатынын мәлімдеген. Baidu соған ұқсас Ernie ботын сынауды наурызда аяқтайтынын хабарлаған. Компания өкілдері бот, "Қытай тілі мен мәдениеті көзқарасынан алғанда", озық жоба болады деді.

Nikkei Asia дереккөздерінің айтуынша, Қытай компаниялары ChatGPT-ге ұқсас сервистерді іске қоспай тұрып, Пекинге есеп беруге міндетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG