Accessibility links

Астана соты мәжіліс депутаттығына үміткер екі белсендіге айыппұл салды 


Марат Жыланбаев.
Марат Жыланбаев.

24 ақпанда Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мәжіліс сайлауына мажоритар тәртіппен түсіп жатқан азаматтық белсенділер Марат Жыланбаев пен Амангелді Жахинді "үгіт-насихатты мерзімінен бұрын жүргізгені үшін" әкімшілік жауапқа тартты. Сот екі белсендінің әрқайсысына 15 АЕК (51 750 теңге немесе 115 доллар) көлемінде айыппұл салды.

Жыланбаевтың үстінен Алматы аудандық прокуроры шағым түсірген. Сотта сөйлеген Алматы ауданы прокуратурасының өкілі Шерхан Шорабектің айтуынша, мәжіліс депутаттығына үміткер Жыланбаевтың әлеуметтік желідегі жеке парақшаларына мониторинг жүргізу барысында "оның мерзімінен бұрын үгіт-насихат жұмысын жүргізгені анықталған".

"Жыланбаевтың айтқандарын зерттегеннен кейін ол азаматтарды өзіне дауыс беруге шақырғаны және қаржылай көмек сұрағаны анықталды. "Біз тек халықтың мүддесін қорғаймыз, соған жұмыс істейміз. Қиын, даулы заттарды өздеріңізбен тікелей эфирде ақылдасып шешеміз. Бізді қолдаңыздар, біз жеңеміз! Алға, Қазақстан!" деген" деп, прокурор марафоншының Facebook-те жариялаған видеосынан үзінді келтірді.

Бірақ Марат Жыланбаев прокурордың айтқандарын мойындамайды. Ол "Аманат", "Ауыл", "Ақ жол" тәрізді партиялардың бюджеттен қаржыландыратынын көлденең тартып, өзі сайлау жарнасын төлеу үшін қаржылай көмек сұрауға мәжбүр болғанын айтты.

"Басқа партияларға ақша беру сайлау демократиялық жолмен өтпеуі үшін жасалған кедергі деп есептеймін. Мен олигарх емеспін. Сол себепті жарнаны төлеу үшін көмек сұрадым. Мені қудалайтынын біліп, қолыма кандидат куәлігі тигенге дейін ол жазбаны да жойып тастағанмын. "Аманат" та сайлауға дейін плакат ілді. Біздің айқай-шуымыздан соң оны алып тастағанымен, оларды ешкім жазалаған жоқ. Мен осы заңбұзушылық үшін "Аманатты" кандидаттар тізімінен алып тастауды талап етіп, бас прокуратураны сотқа бердім. Егер сот "Аманатты" алып тастаса, мен де кетем кандидаттықтан" деді ол сотта.

Прокурор белсенді Жыланбаевты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 102-бабымен ("сайлау алдындағы үгiтті оған тыйым салынған кезеңде жүргiзу") айыпты деп тануды сұрады.

Істі жүргізген судья Есжанова прокурормен келісіп, белсендіге 51 750 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Марафоншының шешімге 10 күн ішінде шағымдануға құқығы бар.

Жыланбаев туралы жаңалық тараған соң, іле-шала белсенді Амангелді Жахинге қатысты да дәл сондай шешім шыққаны белгілі болды.

Бұған дейін Ratel.kz сайты Қарағанды көшелерінде "Аманат" партиясы 17 ақпанда яғни, үгіт-насихат кезеңі басталмай тұрып, кемі екі билбордты ілгенін хабарлаған еді. Кейін билік партиясы оған жарнама беруші агенттіктер кінәлі екенін айтқан. Бірақ прокуратура бұл әрекетке қатысты шағым түсірмеген.

Қазақстанда кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. 18 ақпанда басталған үгіт-насихат кезеңі 17 наурызда сағат 23.59-да аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG