Алматы жастары Darkhan Juzz деген атпен белгілі қазақстандық әнші Дархан Жүнісбековтің қазасына қайғырып, әлеуметтік желіде жазба жариялап жатыр. 31 жастағы әнші Таиландта көлік апатынан опат болғаны 24 ақпанда хабарланды.
Жұма күні кешке Алматының Жібек жолы даңғылының Абылай хан және Назарбаев көшелерімен қиылысына жастар жиналып, Дархан Жүнісбековті еске алды, екі сағат бойы музыканттың әндерін айтты. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, акция бір минут үнсіздіктен басталған. Darkhan Juzz-дің Instagram-дағы парақшасына қолданушылар пікір қалдырып жатыр. Көбі әншінің қазасына сене алар емес.
Жұма күні Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Таиланд полициясының ақпаратына сүйене отырып, Дархан Жүнісбеков Пхукет аралында жол апатынан қаза болғанын айтқан.
"Біздің азаматымыз жол апатынан қаза болған, ол жалға алған мопедпен жүрген" деді сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Смадияровтың айтуынша, консул марқұмның жақындарымен хабар алысып отыр. Әншінің денесін елге жеткізуге қатысты құжаттар рәсімделіп жатыр.
Дархан Жүнісбеков 1991 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақша инди-поп ("тәуелсіз музыка") жанрын дамытқан, көптеген ән мен саундтректің авторы. Музыка саласында білім алмаған, аспаптарды өз бетінше үйренген. Оның әндері 2016 жылы танымал бола бастаған. 2021 жылы жергілікті Forbes журналындағы "30-ға дейінгі 30" рейтингісіне енген.