Accessibility links

WSJ: Ұлыбритания бейбіт келіссөз бастау үшін Украинаға НАТО қаруын қолдануға рұқсат беруді ұсынды


Ұлыбритания, Германия және Франция Ресеймен бейбіт келіссөзді бастауы үшін Украинаға НАТО қару-жарағын қолдануға рұқсат беруге келісті. Бұл жөнінде үш ел өкілдеріне сүйенген The Wall Street Journal басылымы жазды.

Дереккөздердің айтуынша, өткен аптада Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак Украинаның НАТО-мен келісу жоспарын ұсынған. Оған сәйкес, Украина соғыс аяқталған соң озық үлгідегі қару-жарақ пен оқ-дәріге, әскери техникаға қол жеткізе алады.

"Франция мен Германия британ ұсынысын қолдады" дейді дереккөздер. Үш ел үкіметтері келісімді Украинаның өзіне деген сенімін арттыру және оны Ресеймен келіссөз бастауға ынталандыру амалы ретінде қарастырып отыр.

Келісімнің өзге мақсаты – Кремльдің жоспарын өзгерту. Британ шенеунігінің сөзінше, егер Ресей Батыс елдері Украинаға әскери көмекті ұлғайтуға дайын екенін көрсе, әскери мақсатына қол жеткізе алмайтынына көзі жетуі мүмкін.

Келісімді шілде айында өтетін НАТО саммитінде талқылау ұсынылды. Дегенмен WSJ дереккөздерінің айтуынша, бейбіт келіссөз бен оның шарттарына қатысты кез келген шешім шығару Украинаның өз қолында. 2022 жылы қазан айында Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді Владимир Путин басқарып тұрғанда онымен келіссөз жүргізбеу туралы жарлыққа қол қойған еді.

Ақпан айында Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Германия канцлері Олаф Шольц Зеленскийге Мәскеумен бейбіт келіссөз жүргізу туралы ойлану қажет екенін сездірген. Бұл жөнінде одан хабары бар дереккөздер WSJ басылымына айтқан. Атап айтқанда, Макрон Зеленскийге "бір-бірін ата жау көрген Франция мен Германияның өзі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бейбіт келісім жасасуға мәжбүр болған" деген.

Ұлыбритания, Франция және Германия өкілдері WSJ басылымына бұл елдерде Украина 2014 жылдың басынан бергі шекарасын қалпына келтіре алатынына күмәндана қарайтын саясаткерлер көбейгенінін айтқан.

"Ресей жеңбеуге тиіс деп ылғи айтып келеміз, бірақ ол не деген сөз? Егер соғыс қазіргідей қарқынмен жалғаса берсе, Украина орасан шығынға ұшырайды. Одан кейін ешкім де ол Қырымды қайтара алады дегенге сенбейтін болады" деді француздың жоғары лауазымды шенеунігі.

Дегенмен Батыс елдерінің басшылары жария түрде Ресей басқыншылығына қарсы тұруға шақырып, бейбіт келіссөз бастау туралы сөз қозғамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG