Accessibility links

Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкция пакетін қабылдады


Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкция пакетін қабылдады. Бұл жөнінде 25 ақпанда ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель мәлімдеді.

Дипломаттың айтуынша, санкция кемінде 6 мың украин баласын депортациялап, күштеп асырауға берген жауапты тұлғаларды да қамтиды.

Жаңа санкция тізімінде 96 ұйым мен 25 жеке тұлға бар.

Брюссель оныншы санкцияны 24 ақпанда қабылдауды жоспарлаған. Алайда Польша ұсынылған санкциялар тым жұмсақ екенін айтып, қатайтуды талап еткеннен кейін талқы созылған.

25 ақпанға қараған түні Варшава болашақта Ресейдің алмаз, каучук және атом кәсіпорындарына санкция салу қажеттігін айтып, пакетті мақұлдады. Талқылау кезінде Польшаның басты қарсыласы Германия мен Италия болды.

ЕО мәлімдемесіне сәйкес, жаңа санкцияда Ресей арқылы түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін тауар түрлерін тасымалдауға шектеу қарастырылған. Ресейге арнайы техника, оның бөлшектері мен электрониканы экспорттауға тыйым салынады.

Шектеуге сонымен бірге "Альфа-банк", "Тинькофф" және "Россия сегодня" банктері де ілінді.

Ақпаратқа қарағанда, бұл банктердің Еуроодақ аумағында активтеріне шектеу қойылады, олармен келісім жасауға тыйым салынады, олар SWIFT жүйесінен ажыратылады. Банк өкілдері ТАСС агенттігіне "санкция банктердің жұмысына әсер етпейді" деп мәлімдеді.

Санкция тізіміне сонымен бірге ресейлік омбудсмен Татьяна Москалькова, Ресей адам құқығы жөніндегі кеңесінің төрағасы Валерий Фадеев, "Россотрудничество" жетекшісі Евгений Примаков, дәрігер Леонид Рошаль, "Россия сегодня" атқарушы директоры Кирилл Вышинский, "Первый канал" бас директорының орынбасары Кирилл Клейменов, Regnum агенттігінің бас редакторы Марина Ахмедова енгізілген.

RT Arabic және Sputnik Arabic контентін таратуға да тыйым салынады.

XS
SM
MD
LG