Accessibility links

Санкция, жер тұтастығы және киіз үй үшін алғыс. Блинкеннің Астана сапарында не айтылды?


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді C5+1 саммитінен кейін баспасөз мәслихатында сөз сөйледі. Астана, 28 ақпан, 2023 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді C5+1 саммитінен кейін баспасөз мәслихатында сөз сөйледі. Астана, 28 ақпан, 2023 жыл.

28 ақпанда Қазақстанға келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресейдің Украинаға соғысы және Мәскеуге салынған санкциялардың әсері туралы көп айтты. Қазақстан президентімен, сыртқы істер министрімен жүздесіп, Орталық Азия елдерімен бірлескен С5+1 дипломатиялық саммитіне қатысқан Блинкен "Украинаны қорғау – басқа елдердің де тәуелсіздігін қорғау" екенін ескертті.

Джо Байден әкімшілігінің Қазақстанға келген ең жоғары лауазымды өкілі – АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанада Орталық Азия елдерінің дипломатиялық саммиті – С5+1 жиынына қатысты. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері келді.

С5+1 саммиті 2015 жылдан бері бірнеше рет өкізілген. АҚШ мемлекеттік департаменті бұл саммитті "АҚШ-пен бірлесе отырып, ортақ мәселелерді шешетін, тәуелсіз, гүлденген және қауіпсіз Орталық Азия құру мақсатын" көздейтін жиын деп атады.

Жиында қандай мәселе қозғалғаны белгісіз, себебі оған журналистер жіберілмеді және оның күн тәртібі жарияланбады.

Сапар барысында Блинкен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Тоқаев бұл сапарды екі ел арасындағы "стратегиялық ынтымақтастыққа қосымша серпін беретін маңызды кездесу" деп атады.

Астанаға АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен келді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:16 0:00

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС КОНТЕКСІНДЕГІ "ЕГЕМЕНДІК"

"Барлығыңыз жақсы білесіздер, АҚШ Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін және жер тұтастығын толық қолдайды. Кейде бұл сөздерді жай айтамыз, бірақ олардың шынайы мағынасы бар, әсіресе дәл қазіргі уақытта оның салмағы анағұрлым ауыр" деді Блинкен Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесу кезінде.

АҚШ сыртқы саясат мекемесінің басшысы Украинадағы соғыс контексінде "егемендік, тәуелсіздік және жер тұтастығы" деген тіркесті жиі қайталаумен болды.

– Елдердің Ресей агрессиясына қарсы тұруының ең маңызды жері – Украинаны қорғауға көмектесу емес, осы принциптерді қорғауға жәрдемдесу. Себебі біз оларды бұзып, ол үшін жазасыз қалуға мүмкіндік берсек, бұл Ресейдің басқа елдерге де агрессияны жалғастыру туралы ойлануына жол ашады, – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Энтони Блинкен Ресейден қашып келген "200 мың Ресей азаматын панасына алып отырғаны үшін" және украин халқына азық, киім-кешек, дәрі-дәрмек және басқа да гуманитарлық көмек жібергені үшін, соның ішінде "соғыстан қашқандар жылынып, пана табатын" киіз үй тігіп бергені үшін Қазақстанға алғыс айтты.

РЕСЕЙГЕ САЛЫНҒАН САНКЦИЯНЫ АЙНАЛЫП ӨТУ, ҚОСАЛҚЫ САНКЦИЯ

Блинкен сапары қарсаңында сарапшылар "АҚШ өкілі Украинаға шабуылы үшін Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуде Мәскеуге көмектесіп жатқан Орталық Азия елдеріне Вашингтон ескерту жасайды" деген болжам айтқан. Журналистерді де осы сауал көп қызықтырды.

Санкция туралы сөз болғанда да, Блинкен халықаралық құқықтың БҰҰ хартиясында айтылған басты принциптері – жер тұтастығы, тәуелсіздік және егемендік туралы айтты және "бұл принциптердің Орталық Азия елдері үшін маңызы зор" екеніне тоқталды.

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресеймен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатқан Астанаға санкциялар "ауыр тиіп жатқанын" айтты.

– Қазақстанның Ресеймен және Украинамен арада тарихи байланысы бар. Біздің экономикамыз бұрыннан өзара байланысқан. Сондықтан бұл оқиғаның барлығы бізге, біздің экономикамызға ауыр әсер етеді. Біз санкциялардың жағымсыз әсерін болдырмауға тырысып жатырмыз. Қазақстан – Еуразия экономикалық одағының мүшесі, біздің Ресеймен және осы одақтың басқа елдерімен арамызда кеден жоқ, сондықтан шекаралар арасындағы қызмет пен тауардың еркін саудасын қамтамасыз етіп әрі Ресейдің және өзге шетел компанияларының санкцияларды бұзуына жол бермеуді қадағалау қиын, – деді Тілеуберді.

Энтони Блинкен "Ресейден қол үзіп, іргесін аулақ салуға уақыт қалдыру мақсатында" Ресей компанияларымен тығыз байланысқан мекемелерге арнайы лицензия беретінін және Орталық Азия елдерінің сауда жолдарын әртараптандыруына мүмкіндік жасайтынын айтты.

АҚШ мемлекеттік хатшысының айтуынша, Вашингтон аймақ елдеріне "Экономикалық тұрақтылық бастамасы" аясында 25 миллион доллар бөлмек. Бұл бастама Орталық Азия аймағының "бір ғана елге тәуелді болмай, сауда жолдарын дамытуына және жеке сектордан инвестиция тартуға" мүмкіндік береді.

"МЫҚТЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ" ЖӘНЕ АЗАТТЫҚТЫҢ ҚОЙЫЛМАҒАН САУАЛЫ

Қазақстандағы адам құқықтары, саяси реформалар тақырыбы Украинадағы соғыстың тасасында қалып қойғандай көрінді. Лауазымды басшылар бұл мәселелерді жалпы айтқанымен, құқық қорғаушылармен, азаматтық қоғам өкілдерімен кездесу ұйымдастырылғаны туралы хабарланбады. Сапар Қазақстандағы парламент сайлауына 20 күн қалғанда болғанына қарамастан, АҚШ өкілі бұл мәселеге жария түрде тоқталмады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының сайлауды бақылау миссиялары Қазақстандағы бұған дейін болған сайлауларды демократия талаптарына сай емес деп бағалаған.

Энтони Блинкен Қазақстандағы Тоқаев жариялаған реформалар жүзеге асарына үміттенетінін айтты.

– Президент Тоқаев өткен наурызда жариялаған реформаларды қолдайтынымызды тағы да қайталаймын. Қазақстан халықтың саяси процеске араласуы, үкіметтің жауаптылығы, жемқорлықты ауыздықтау, президент өкілетін қысқарту және адам құқықтарын қорғауды көздейтін сол жоспарды орындайды деп сенеміз, – деді Блинкен. Оның айтуынша, шетелдік инвесторлар сол реформаларға үміт артып, Қазақстанға инвестиция салып жатыр. 1990-жылдардан бері АҚШ Қазақстанға 50 млрд доллардай инвестиция салған.

Саммит жиынынан кейін Тілеуберді мен Блинкен брифингке шыққан соң, Қазақстанның екі, АҚШ-тың екі журналисінің сауал қоюына мүмкіндік берді. Сыртқы министрлігінің өкілі "сауалдар кездесу тақырыбына сай болуы керегін" ескертті. Азаттық тілшісі Қаңтар оқиғасында қаза тапқандар ісінің тергелуі, онда адам құқықтарының сақталуы туралы көзқарасын сұрап, сауал қоймақ болған. Оған мүмкіндік берілмеді.

Есесіне АҚШ өкілі Украинаның Мәскеуге тегеурінді қарсылығын "жетістік" деп атап, мұнда азаматтық қоғамның да үлкен үлесі бар деді. Блинкеннің айтуынша, Украинаның Ресей агрессиясына төтеп беруіне Украина әскерінің "ерекше батылдығы және қарулы күштерінің жанкешті әрекетімен" қоса, ондағы "мықты азаматтық қоғам" да ерекше үлес қосқан. "Мықты қоғамның үкімет ішіндегі ғана емес (бұл да маңызды, әрине), одан тысқары жатқан берік институттары болады. Мұның ішінде еркін баспасөз бен еркін азаматтық қоғам бар. Бұлардың екеуі де – Ресей агрессиясына төтеп берудегі Украина жетістігінің бір бөлігі" деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

28 ақпанда кештетіп АҚШ мемлекеттік хатшысы Өзбекстанға ұшып кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG