Accessibility links

Грекияда жолаушы және жүк пойыздары соқтығысып, 30-дан астам адам қаза болды


Оқиға орны.
Оқиға орны.

Грекияда жолаушылар жүрдек пойызы жүк пойызымен соқтығысып, кемінде 36 адам опат болды, 85 адам жарақаттанған. 66-сы ауруханаға жатқызылған, үшеуі реанимацияда жатыр.

Апат 28 ақпанда түнде Лариса қаласы маңында болған. Афины – Салоники бағыты бойынша жүріп келе жатқан жолаушылар пойызының жүк көлігімен бір жолда қарама-қарсы қозғалу себебі әзірше белгісіз. Жолаушылар пойызына 350 адам мінген.

Алғашқы төрт вагон апаттың салдарынан рельстен шығып, кейбірінде өрт болған. Екі вагон тұтас өртеніп кеткен. Жолаушылардың көбі күйіп қалған. Аман қалған куәгерлердің айтуынша, пойыз соқтығысқан кезде кейбір адамдар терезеден ұшып кеткен. Шамамен 250 жолаушы автобуспен Салоникиге эвакуацияланды.

Жергілікті биліктің мәліметінше, пойызда Афиныдағы карнавалдан қайтып келе жатқан студенттер көп болған. Оқиға орнына шамамен 150 өрт сөндіргіш және 40 жедел жәрдем көлігі шақырылған. Құтқару жұмысына крандар да әкелінген.

Сарапшылар оқиғаны Грекия тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі ретінде атап жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG