Accessibility links

Қазақстанда экобелсенділер АЭС салуға қарсы. Олар "ядролық бопсалауды" да алға тартады


"Экофорум" жетекшісі Светлана Могилюк және экология министрлігі өкілдерінің онлайн кездесуі.
"Экофорум" жетекшісі Светлана Могилюк және экология министрлігі өкілдерінің онлайн кездесуі.

Қазақстанның экология қауымдастығы үкіметтен Алматы облысында құрылысы жоспарланып отырған АЭС жобасына мораторий енгізуді талап етіп жатыр.

Елдің барлық аймағындағы 40-тан астам үкіметтік емес ұйымның басын біріктіретін "Қазақстандағы экофорумы" қауымдастығы АЭС құрылысының жобасын "шағын ортада" талқылауды тоқтатуды талап етті.

"АЭС құрылысы бойынша жоспарлар мен шешімдер кеңінен қоғам талқысына салынуға тиіс. Қазақстан тәжірибе алаңы болмауы керек" деп жазылған қауымдастықтың билікке бағыттаған үндеуінде.

"Экофорум" төрайымы Светлана Могилюк ақпан айының аяғында АЭС құрылатын аймақта тұрғындармен бірге қоғамдық талқылау өтуі керек болғанын, бірақ белгісіз себептермен кейінге қалғанын айтты.

Оның айтуынша, 28 ақпанда экология, геология және табиғи ресурстар министрімен кездесу кезінде АЭС мәселесі Қазақстанда тиісті дәрежеде талқыланбай отырғаны айтылған.

– Министрмен кездесу кезінде мәселе қоғаммен тиісті дәрежеде талқыланбай жатқанын, Қазақстанның экология кодексі мен Орхусс конвенциясындағы талаптар орындалмай жатқанын атап өттім. 28 ақпанда өтеді деп, ізінше кейінге шегерілген қоғамдық тыңдау өрескел заңбұзушылықтармен ұйымдастырылған. Әзірге не жоспарланғаны белгісіз. Онда мұндай тыңдаудың керегі не? Бұл талқылау процесін бұрмалау емес пе? Жуырда нағыз талқылау болады деп үміттенемін, – деді Светлана Могилюк Азатттыққа.

"Қазақстан экофорумы" 18 ақпанда жариялаған онлайн-петицияда АЭС жобасына мораторий енгізу туралы талап жазылған. Бүгінге дейін 2,5 мың адам петицияны қолдап дауыс берген, 600-і мораторий енгізуге қарсы болған. Белсенділер қоғамдық талқылау АЭС орналасатын Жамбыл ауданы мен Үлкен ауылы тұрғындары арасында ғана өткізілгеніне наразы.

"Құдды бұған барлық аймақ тұрғындарының қатысы жоқтай және басым бөлігінің үні маңызды емес деп отырған сияқты. АЭС жобасы қазақстандықтар мен шекаралас ел тұрғындарының өмірі мен денсаулығына қауіпті. Әлем Фукусима мен Чернобыльдегі апаттың орасан зардабын көрді, Запорожье АЭС-індегі ядролық бопсалауға кезікті" деп жазылған петицияда.

Еуропадағы ірі Запорожье АЭС-ін Ресей әскері былтыр Украинаға шабуылдаған кезде басып алған. Содан бері Киев пен Мәскеу АЭС маңын атқылады деп бір-бірін кінәлап келеді. Бұған өзге елдер, оның ішінде Қазақстан да алаңдаған.

Қарағандыдағы "Экологический музей" қоғамдық ұйымы да қазақстандықтарды АЭС жобасына мораторий енгізуді қолдауға үндеген. Экобелсенділердің пікірінше, электр энергиясы тапшылығы мәселесін мысалы, жасыл энергия көздерін дамыту арқылы шешуге болады.

Экобелсенділер петициясынан кейін 25 ақпанда оған "қарама-қарсы" бастама – АЭС-ті қолдайтындардың петициясы жарияланды. Оны Үлкен ауылының тұрғыны Светлана Хеккурайнен бастаған деп айтылады. Ол "егер жуырда атом электр станциясын сала бастамасақ, энергия тапшылығына тап боламыз" деп жазды. АЭС мәселесін қозғаған кезде билік те ылғи осы аргументті алға тартады. Бұл петицияны 500-ден астам адам қолдаған.

Қазақстан үкіметі бұған дейін елде атом электр станциясын салу жоспары туралы мәлімдеген. Экобелсенділер, экологтар мен энергетика саласы бойынша бірқатар сарапшы АЭС-ті қауіпсіз санамайтынын және коммерциялық тұрғыда да тиімді емес екенін айтқан.

2019 жылы сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "АЭС бойынша шешім қабылдаған кезде" халықтың пікірі ескеріледі деп мәлімдеген. 2,5 жылдан соң Ресеймен онлайн-форумда ол "бізге АЭС керек" деп мәлімдеген, бірақ бұл жолы қазақстандықтың пікірі туралы ештеңе демеді. 2022 жылы Тоқаев шетел инвесторлары кеңесінің отырысы кезінде "Қазақстан АЭС орналасын орынды таңдады" деп мәлімдеген.

Бұған дейін Қазақстанда АЭС салатын елдер консорциумы арасынан қауіпсіздікке жауапты компания таңдалатыны хабарланған. Консорциумға: қытайлық China National Nuclear Corporation, кореялық Korea Hydro & Nuclear Power, франциялық Еlectricitе de France және ресейлік "Росатом" енген.

Еуропадағы экологтар мен белсенділер ЕО-ны осыған дейін Ресейдің ядролық отынынан бас тартып, санкция салуға үндеген. Бұған дейін "Росатом" Украинамен соғыста Ресей армиясына консультация өткізгені белгілі болған.

XS
SM
MD
LG