Accessibility links

Ресей Запорожьеге тағы шабуыл жасады: Зымыран соққысынан тұрғын үй қирап, бірнеше адам опат болды


Зымыран соққысынан қираған бесқабатты тұрғын үй.
Зымыран соққысынан қираған бесқабатты тұрғын үй.

2 наурызға қараған түні Ресей әскері Украинаның Запорожье қаласына зымыранмен соққы жасап, бесқабатты тұрғын үйді қиратты. Бұл жөнінде Запорожье қалалық кеңесінің хатшысы Анатолий Куртев хабарлады. Украина полициясының хабарлауынша, үш адам опат болған, алты адам жараланған.

Әзірге толық емес мәлімет бойынша, Запорожье қаласына зениттік С-300 зымыран жүйесімен соққы жасалған. Біреуі бесқабатты тұрғын үйге келіп түскен, ғимараттың бір подъезі (10 пәтер) тұтас қираған. Үйінді астынан 11 адам құтқарылған. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Полиция "соғыс заңдары мен ережелерін бұзу" бабы бойынша тергеу бастады.

Бір күн бұрын орыс армиясы Полтава облысы Кременчуг қаласындағы маңызды азаматтық инфрақұрылымға соққы жасаған. Бұл жөнінде аймақ жетекшісі Дмитрий Лунин мәлімдеген.

Харьков облысында азаматтық нысандарға зымыранмен үш соққы жасалған. Жараланғандар бар. Бұған қоса, 16 авиасоққы жасалып, кейбірін Украина армиясының әуе шабуылынан қорғайтын жүйесі атып түсірген.

1 наурызда Украинаның Полтава, Сумы және тағы 10 облысында әуе дабылы екі рет іске қосылды.

XS
SM
MD
LG