Accessibility links

Грузия парламентіндегі төбелес. Белсенділер "шетел агенті" туралы заң жобаларына қарсы шықты


"Шетел агенті" туралы заң жобасына қарсы митинг. Тбилиси, 2 наурыз, 2023 жыл.
"Шетел агенті" туралы заң жобасына қарсы митинг. Тбилиси, 2 наурыз, 2023 жыл.

2 наурызда Грузия парламенті алдында жүздеген белсенді "шетел агенті" туралы екі бірдей заң жобасының қабылдануына қарсы болып, акция өткізді. Олар парламентте аталған заң жобаларына қатысты талқылау жүріп жатқан шақта заң шығарушыларды құжатты бекітпеуге көндіруге тырысты.

Бұл заң жобаларын үкіметшіл "Халық күші" фракциясы ұсынып, "Грузин арманы" билік партиясы қолдаған.

"Халық күші" лидерлерінің бірі Гурам Мачарашвили заң жобасы "америкалық тәжірибеден алынғанын" жеткізген. Ол 1938 жылы қабылданған FARA (The Foreign Agents Registration Act) құжатын атап өткен.

Биліктің оппоненттері мұны даңғазалыққа теңеп, заң жобаларын Ресейдегі секілді "өзгеше ойлайтын" азаматтарды қуғындауға бағытталған деп атады.

Парламент комитеттерінің ортақ отырысында талқылау басталмай тұрып, парламент ішінде күзетшілер мен азаматтық белсенділер жұлқысып қалды. Оппозиционерлер сапқа тұрып, Ресейдегі заңға ұқсас құжатты қолдаған депутаттарға қарата "Путиннің құлдары!" деп айқайлады. Азаттықтың Грузин қызметі парламенттегі төбелес туралы видео таратты.

Видео: Грузия парламентіндегі төбелес. (Орыс тілінде. 2 наурыз 2023. жыл).

Күзетшілер оппозиционерлердің көбін отырыс залынан шығарып жіберді. Бірақ, соған қарамастан, талқылау қызу өтті. Бұл кезде жобаға қарсы азаматтар парламент сыртына жиналып, митинг өткізе бастаған. Полиция бірнеше адамды ұстады.

Белсенділер қарсылығына қарамастан, құжаттар бірінші оқылымда мақұлданды.

"Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы" және "Шетел агентін тіркеу туралы" заң жобалары шетелден қаржыландырылатын барлық заңды және жеке тұлғаларды арнайы тізімге енгізуді міндеттейді. Заң талаптарын орындамағандарға ірі көлемде айыппұл салу немесе бес жылға дейін түрме жазасы берілуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG