Accessibility links

Өзбекстанда полицейлер туралы сатиралық видео түсірген екі вайнер 15 күнге қамалды


Ташкент қаласы.
Ташкент қаласы.

Өзбекстанда жол полициясы туралы сатиралық видео жариялаған екі вайнер 15 күнге қамалды. Бұл жөнінде өзбек ақпарат құралдары хабарлады.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода екі жігіт жүргізушінің полиция қызметкеріне пара беріп тұрғанын сомдаған. Кей ақпаратқа қарағанда, бейнеролик ақпанның аяғында Қашқадария облысының Шахрисабз қаласында түсірілген. Кейбір сайттар видео қаңтарда түсірілген деп жазды.

Өзбекстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, екі жігіт "әрекеттеріне өкінген". Интернетте біреуінің "өкініш білдірген" видеосы да жарияланды. Сот оларды "ұсақ бұзақылық жасағаны үшін" және "полиция формасын заңсыз пайдаланғаны үшін" кінәлі деп танып, қамаған.

Пікір еркіндігі туралы 2022 жылы жариялаған баяндамасында Article 19 құқық қорғау ұйымы Өзбекстанды дағдарысқа ұшыраған елдер қатарына жатқызған. Өзбекстан 161 елдің арасында 133-орынды иеленіп, 100 балдың небәрі 11-ін ғана алған. Оның жанында Руанда мен Вьетнам тұр.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының жыл сайынғы баспасөз еркіндігі рейтингісінде Өзбекстан 180 елдің арасында 133-орында тұр. Баяндама авторлары Өзбекстанда президент Ислам Каримов қазасынан кейін де сөз еркіндігі ахуалы жақсармағанын – Шавкат Мирзияев тұсында билікті сынағандар әлі де қысым көретінін айтады.

XS
SM
MD
LG