Accessibility links

Өзбек әншісі "ашық-шашық киінгені үшін" бір ай сахнаға шығу құқығынан айырылды


Өзбек әншісі Шахризода Ахмедова.
Өзбек әншісі Шахризода Ахмедова.

Өзбек әншісіне "ашық-шашық киінгені үшін" сахнаға шығуға тыйым салынды. Ел арасында Kaniza деген лақап атпен белгілі Шахризода Ахмедова мұндай шектеуге келіспей, Өзбекстанның музыка индустриясына бақылау жүргізумен айналысатын тұлғаларды "билігін асыра пайдаланып отыр" деп айыптады.

Өзбек әншісі Шахризода Ахмедова мәдениет саласына жауапты шенеуніктермен күресіп жүр. Олар әнші сахнаға "әдепке қайшы" киім киіп шықты деп, өнер көрсету лицензиясын алып қойған.

– Алқа мүшелері бірауыздан Ахмедованы лицензиясынан айыру туралы шешім шығарды. Оған қатаң ескерту берілді, бір ай ішінде қатесін түзесе, лицензиясын қайтаруға өтініш бере алады, – деді 24 ақпанда журналистер сұрағына жауап берген мәдениет министрінің орынбасары Баходир Ахмедов.

Вице-министр "Қатесін түземесе, бұдан да қатаң шара қолданылады" деп ескертті. Шенеунік Kaniza-ны (өзбек тілінде "қызмет көрсетуші" деген мағынаны білдіреді) бір айға сахнаға шығу құқығынан айыру басқа әншілерге де сабақ болуы керек деп есептейді.

Kaniza жақында бір тойда өнер көрсетіп, дененің түсімен бірдей, жабысып тұратын шалбар мен ақ ұзын жейде, қара былғары күртеше және қонышы тізеге дейін жететін етік кигені үшін сынға қалған.

Әншінің видеосы YouTube желісіне жарияланған кезде кей желі қолданушылары "Kaniza жұрт алдына шалбарсыз шықты" деп пікір жазған.

37 жастағы әнші "сөгетіндей жаман ешнәрсе жасаған жоқпын" дейді.

Ахмедова мәдениет министрлігі мен Өзбекстанның музыка индустриясын бақылаушы "Өзбекконцерт" ұйымын құзыретін асыра пайдаланды деп айыптап отыр.

Kaniza "Билік одан да мыңдаған көрермен алдында балағат сөз айтатындар мен сахнаға шынымен ашық киініп шығатындарға назар аударсын" деген.

Ахмедованың пікірінше, өнер саласындағы шенеуніктер ақшасы мен ықпалды танысы бар әншілерге жақсы қарайды.

"Кей адамдарға бөлек қарайтынын бәрі біледі. Бірақ ешкім үндемейді" дейді ол.

Kaniza биліктің сұрауымен ауылдарда, мақта алқаптарында тегін өнер көрсеткенін, бірақ мәдениет министрлігі мен "Өзбекконцерт" еңбегін бағаламағанын айтады.

Ахмедова шенеуніктер өзін тегін концерттерде өнер көрсетуге мәжбүрлеп, халықтан ақша жинап алғанын, концерттен түскен қаржы белгілі бір адамдардың қалтасына кеткенін мәлімдеді.

Kaniza мәдениет министрі Озодбек Назарбековпен және "Өзбекконцерт" басшысымен жүзбе-жүз кездесіп, бар шындықты айтып, олардың көзқарасын білгісі келетінін жеткізді.

Әнші адвокатын және тәуелсіз журналистерді алып, министрлікке баратынын, шенеуніктер кездесуге келіспейінше, орнынан тапжылмай күтетінін айтты.

Ол әлеуметтік желіде өзін сынаған адамдарға да реніш білдірді.

– 30 миллион халық тұратын елде менің шалбарымнан да маңызды мәселелер бар емес пе? Неге соларды көтермейді? – деді Kaniza.

Халқының басым бөлігі Ислам дінін ұстанатын Өзбекстанда билік ашық киінген, әнінің мәтінінде бейәдеп сөз қолданған немесе тұрпайы қылық көрсеткен өнер адамдарын қудалаумен айналысады.

2018 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, әншілерге денедегі татуын көрсетуге, ашық киінуге және әдепсіз билеуге болмайды.

Музыкалық клиптерде қымбат үй мен көліктерді көрсетуге де тыйым салынған.

2016 жылы Азиза Ниязматова деген әнші жеңсіз көйлекпен суретке түсіп, интернетке жариялағаны үшін сынға ұшыраған. Билік әншінің "ар-ұяттан безген көйлегі" қоғамға қаншалық кері әсер етіп, ұлттық менталитетке, құндылықтар мен мәдениетке нұқсан келтіргенін анықтау үшін зерттеу жүргізуді тапсырған.

2015 жылы Лола Юлдашева сахнаған аяғы көрінетін көйлек кигені үшін ескерту алды.

2014 жылы "Миллион" деп аталатын комедиялық топ "жыныстық сипаттағы" әзілі үшін лицензиясынан айырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG