Accessibility links

Бахмутта қызу шайқас жүріп жатыр


Граната атқышты көздеп тұрған украин жауынгері. 3 наурыз, 2023 жыл.
Граната атқышты көздеп тұрған украин жауынгері. 3 наурыз, 2023 жыл.

Украинаның шығысындағы Бахмут қаласында қызу шайқас жүріп жатыр. Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, орыс әскері қаланы қоршауға алуға бар күшін салып отыр. Қала билігі орыс әскері "жағдайды бақылап отырған жоқ" деп мәлімдеген.

"Қарсылас тарап Купянск, Лиман, Бахмут, Авдеевка және Шахтер бағыты бойынша шабуылдарға бар күшін салып жатыр. Бахмут, Авдеевка, Марьинка және Угледар аумағындағы шабуылдары сәтсіз аяқталды" деп жазылған Украина қарулы күштері таратқан хабарламасында.

Ресей жағы Бахмут пен айналасындағы жағдайға қатысты ешқандай ақпарат таратпады.

Украина өкілдерінің айтуынша, орыс әскері бір күнде төрт зымыран тастап және тағы 10 әуе соққысын жасап, дүркіндете ататын реактив жүйені төрт рет қолданған. Атап айтқанда, Днепропетровск, Запорожье, Херсон облыстарындағы тұрғын үйлер мен азаматтық нысандарға соққы жасалған. Қаза болғандар мен жараланғандар бар.

Украина билігінің айтуынша, түгелдей қираған Бахмутта әлі күнге дейін шамамен 4 мың бейбіт тұрғын бар. Олар жертөледе жасырынып, соққыдан аман қалған үйлерді паналап отыр. Соғысқа дейін мұнда 70 мың адам тұрған.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының хабарлауынша, қаладан көлікпен шығу өте қауіпті болғандықтан, кейбір тұрғындар жаяу қашып шыққан.

Украина әскері 4 наурызда AP агенттігіне Бахмуттағы көпірден өтіп бара жатқан кезде орыс әскерінің атқылауынан бір әйел қаза болғанын, екі ер адам ауыр жараланғанын хабарлады.

Осы апта ортасында ресейлік "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы "Бахмутты қоршауға аз қалдық" деп мәлімдеген.

Батыс әскери сарапшылары Бахмутта жағдай өте қиын екенін, украин солдаттарына жан-жақтан ауыр салмақ түсіп жатқанын айтты.

Украина армиясының бас штабы кейінгі хабарламасында Донецк облысында украин әскері орыстардың 150-ден астам шабуылына тойтарыс бергенін хабарлады.

4 наурызда Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу майданға жақын аумаққа барған. Алайда ол нақты қай жерде болғаны айтылмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG