Accessibility links

Ақтөбе облысы: Шалқарда оқушы айдаған көлік жол апатына ұшырап, бір бала қаза болды


Жедел жәрдем көлігі.
Жедел жәрдем көлігі.

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында мектеп оқушылары мінген көлік жол апатына ұшырап, балалардың бірі қаза болды. Тағы бір оқушы қыз әл үстінде жатыр.

Оқиға 4 наурыз күні 22.00 шамасында болған. Тас жолдан ауып кеткен көлікте Шалқардағы №8 мектептің 2007-2008 жылдары туған бес оқушысы болған.

Шалқар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Еркебұлан Әбдіғалиевтің сөзінше, жол апатынан соң реанимацияға түскен 2007 жылғы қыз баланың жағдайы өте ауыр. Ашық ми жарақатын алған оқушы жасанды тыныс аппаратына қосылған.

– Сүйектері сынған екі оқушы Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасына жіберілді. Үшінші баланың жағдайы қанағаттанарлық болғандықтан, үйінде емделіп жатыр, – деп хабарлады Еркебұлан Әбдіғалиев.

Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Қази Орынтайұлының сөзінше, апатқа ұшыраған көлікте үш ер бала мен екі қыз бала болған. Оқиға орнында қайтыс болған қыз бала 2007 жылы туған.

– Ата-ана баласы үйде жоқ екенін, гараждағы көлікті айдап әкеткенін мұғалім хабарласқаннан кейін бір-ақ білген. Күн сайын сағат 21.00 мен 23.00 аралығында сынып жетекшілері қауіпсіздік үшін оқушыларға, ата-аналарға хабарласып отырады. Жол апатына ұшыраған оқушылар кеше кешкілік мұғалімнің қоңырауына жауап бермеген, – дейді Қази Орынтайұлы.

Ақтөбе полициясының мәліметінше, оқиға 4 наурыз күні сағат 20.55 шамасында облыстық маңызы бар Шалқар – Бозой тасжолының төртінші шақырымында болған. Toyota Land Cruiser көлігін айдап келе жатқан жасөспірім көлік руліне ие бола алмай, аударылып кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG