БҰҰ-ға мүше 200-ге жуық мемлекет 4 наурызда мұхитты қорғау туралы келісімді мақұлдады. Келісімге сәйкес, 2030 жылға қарай әлемдегі мұхит пен ашық теңіздің шамамен 30 пайызы қорғалатын акватория қатарына енеді. Бұл теңіз флорасы мен фаунасын қорғап, оны қалпына келтіруге көмектеседі.
Келісімнің талқыланатын өзегі – мемлекет шекараларынан тыс жатқан мұхит пен ашық теңіз. Құжатты әзірлеу кезеңі шамамен 20 жылға созылды. Елдер балық аулау квотасына байланысты ұзақ уақыт бір-бірімен келісімге келе алмаған еді. Енді келісімнің мәтіні қайта қаралмайды, келісімді ратификациялау сияқты қағаз жұмыстары ғана қалды.
Келісімге сәйкес, қорғалатын теңіз аймақтары құрылады. Қазір мұхиттың 1,2 пайызы ғана қорғалады. Қорғалатын аймақта балық аулау, кеме жүргізу және теңіз астын бұрғылау жұмыстарына тыйым салынады, оған тек кешенді экологиялық бағалаудан кейін рұқсат етілуі мүмкін.
Халықаралық мұхит – миллиардтаған адамға қажет қорек көзі деп есептелетін қайталанбас экожүйе. Ол планетадағы артық жылудың 90 пайызын сіңіріп алып, климатты реттеуде маңызды рөл атқарады. Қазір шамадан тыс балық аулау, ғаламдық жылыну және өзге де себептердің кесірінен теңізде тіршілік ететін көптеген жануар түріне құрып кету қаупі төніп тұр.