Accessibility links

Шольц: Путин жеңіске жете алмайтынын түсінуге тиіс


Олаф Шольц.
Олаф Шольц.

Украинадағы соғыстың жауапкершілігі Ресей президенті Владимир Путинде, соғыстың тоқтауы да Путинге байланысты. Бұл сөзді Германия канцлері Олаф Шольц CNN телекомпаниясына берген сұхбатында айтты.

"Менің ойымша, Путин империалистік агрессиясымен табысқа жете алмайтынын, әскерін алып кетуге міндетті екенін түсінуге тиіс. Сонда ғана келіссөзге қадам жасалады" деді ол. Шольц мұның алдында Вашингтонға барып, АҚШ президенті Джо Байденмен сөйлесіп келген еді. Олардың кездесуі жабық жағдайда өткен, алайда Украинаға көмек мәселесі талқыланғаны мәлім болған.

Шольц Ресей әскері қай жерге дейін шегінуге тиіс екенін айтқан жоқ. Киев Ресей, Қырымды қоса алғанда, Украинаның шекарасынан түгел кетуге тиіс деп есептейді. Канцлердің сөзінше, соғыс қазір "пат" жағдайда тұр, жанжал бұлай созыла берсе, Украина орасан зор шығынға ұшырайды. Алайда Шольцтің сөзіне қарағанда, Батыс елдері Украинаны тиімсіз келісімге мәжбүрлемейді, Украинаға көмектесе береді. Шольцтің айтуынша, қазіргі жағдайға байланысты Германия әскери өндірісін ұлғайта түседі, қорғанысқа бөлетін шығысы Германия жалпы ішкі өнімінің 2 пайызына жетеді.

Ресейге Қытай қару-жарақ беруі мүмкін деген болжам туралы сөз болғанда, Германия канцлері Қытай билігі мұндай әрекетке бармайтынына сендіргенін мәлімдеді. Егер Пекин бұл ұстанымын өзгертсе, оның салдары болады. Шольц Қытай уәдесінде тұрады деп үміттенеді. Жексенбіде Шольцпен бірге баспасөз мәслихатын өткізген Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Қытайдан Ресейге қару жеткізілгені туралы мәлімет жоғын айтты.

  • Канцлер Батыс елдері соғыс аяқталған соң Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге даяр екенін екенін мәлімдеді, бірақ егжей-тегжейін түсіндірмеді.
  • Шольцтің сөзінше, Германия қазіргі кезде Ресейдің газы мен мұнайына, көміріне тәуелділіктен құтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG