Accessibility links

Батыс Қазақстан облысында депутаттыққа өзін-өзі ұсынған үш кандидат сайлаудан шеттетілген


Бейтарап сурет
Бейтарап сурет

Батыс Қазақстан облысында мәжіліс депутаттығына кандидат екі адам және мәслихат депутаттығына кандидат бір адам сайлаудан шығып қалды. Мұны жергілікті "Уральская неделья" басылымы хабарлады.

Батыс Қазақстан облысының аумақтық сайлау комиссиясы "табыс декларациясының талапқа сай келмейтіні" туралы мемлекеттік кірістер департаментінің хаты негізінде Алпамыс Камалов пен Нұрлан Қаринді мәжіліс депутаттығына кандидаттықтан алып тастау туралы шешім қабылдаған.

"КИТ-Холдинг" компаниясының директоры, мәжіліс депутаттығына кандидат Алпамыс Камаловты 12 жыл бұрын біреуге берген қарызына байланысты тіркеуден шығарған.

"2011 жылы бір адамға қолхатпен 2 миллион теңге берген. Ол адам ақшаны уақытында қайтарып берген. Мемлекеттік кірістер департаменті Алпамыс Камалов табысын жасырып отыр деп есептеген" дейді басылым.

Камалов "мемлекеттік орган құжаттарды сапырылыстырып, әдейі кедергі жасап отыр, өйткені декларацияға 2022 жылғы мәлімет қана кіреді" деп мәлімдеді.

Камалов бұл жөнінде мемлекеттік кірістер департаментіне шағым түсірген, олар қатесін мойындаған, бірақ жауапты бірден емес, 15 күн ішінде береміз деп шығарып салған.

"NS-ПроектСервис" компаниясының директоры Нұрлан Қаринді депозитарийінде әлдебір құнды қағаз тұрғанын айтып, тіркеуден шығарып тастаған. Кандидат "ондай нәрсе өмірде болатынын да білмегенін" айтады.

"Депозитарийімді тексердім. Құнды қағаз туралы еш мәлімет жоқ. Басшылығына хабарластым, кейбір мәлімет шатасуы мүмкін" деп жауап қатты. Ал аумақтық сайлау комиссиясы осы жаңсақ ақпарат негізінде мені тіркеуден шығарып тастады. Бәлкім, өзара келісіп алған шығар" дейді Қарин.

Камалов пен Қарин енді сотқа шағым түсірмекші.

Орал қаласының мәслихатына кандидат Ерболат Мұсағалиев те тіркеуден шығып қалған. Оның сөзінше, мемлекеттік кірістер департаменті 2014 жылы жасалған кредит келісімін алға тартқан.

"Тіркелерден бұрын барлық қарызымды тексеріп, "таза" екеніме көз жеткіздім. Мемлекеттік кірістер департаментінің мұндай әрекетіне 2016 жылы да кезіккенмін. Ол кезде де мені табысын жасырды деп мәслихат сайлауынан шығарып тастаған. Бұл заңсыз әрекет биліктің мені сайлауға жібергісі келмейтінін көрсетіп отыр. Олар биліктен айрылып қаламыз деп сескенеді, сондықтан мәслихатқа өз айтқанынан шықпайтын адамдарды жинағасы келеді" деді Мұсағалиев.

Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарды мерзімінен бұрын сайлау 19 наурызда өтеді. Билік бұл жолы бірмандатты округтерден сайлануға мүмкіндік беріп, оны "саяси кеңістікті либералдау" деп түсіндірген. Алайда тәуелсіз сарапшылар "бәсекелі сайлаудың имитация ғана болып жатыр, сайлауды бақылау мен дауыстарды санау бұрынғыша биліктің қолында" деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG