Accessibility links

Әкімдікке 20 рет өтініш берген Орал тұрғыны ақыры рұқсат алып, пикет өткізді


Жалғыз адамдық пикетке шыққан Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев. Орал, 6 наурыз, 2023 жыл
Жалғыз адамдық пикетке шыққан Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев. Орал, 6 наурыз, 2023 жыл

Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев 6 наурызда қаланың орталық алаңында жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол Қазақстанда әлеуметтік реформаны талап еткен шара өткізу үшін жергілікті әкімдікке 20 рет өтініш беріп, ақыры рұқсат алған.

Абай ескерткішінің маңына түсте барған Өтебаев қолына "I want to live. Я хочу жить" ("Өмір сүргім келеді") деп жазылған плакат ұстап шықты. Плакаттың төмен жағында "Партию "Аманат" к суду" ("Аманат" партиясын сотқа беру керек") деген жазу да болды.

"Қазақстан халқына жасаған геноцид үшін, яғни елді кедей етіп, шет мемлекеттерге 170 млрд доллар қарызға кіргізгені үшін бұрынғы "Нұр Отан", қазіргі "Аманат" партиясы қылмыстық жауапкершілікке тартылсын, сотталсын деп талап етемін. Жетімдер, мүгедектігі бар балалар мен көпбалалы аналарға тегін баспана беруді талап етемін. Олар қазіргідей жалдамалы пәтерде тұрып, квартирант болып жүргенін қаламаймын" деді белсенді.

Өтебаев 2023 жылдың басынан бері 20 рет өтініш жазып, барлығында да рұқсат ала алмаған. Өтебаевтың сөзінше, оған "дәл сол күні өзге шаралар өтетіні" және кей өтініштегі сәйкессіздіктер себеп болған көрінеді.

"Шамамен 10 ақпаннан бастап наурыздың 1, 2, 3, 6, 7 және 8 күндері пикет өткізуді сұрап, өтініш жібердім. 2, 3 және 6 күндеріне рұқсат алдым. Қалған күндері мұнда өзге шара өтеді деп, рұқсат бермеді" дейді Өтебаев.

Оның сөзінше, әкімдік пикет өткізетін күндерді ауыстыруды ұсынбаған, тек рұқсат етпейтінін ескертіп отырған. "Мұнысы заңға қайшы" дейді белсенді.

Бекболат Өтебаев 2-3 наурыз күндері рұқсат етілген пикетті өткізе алмаған. Дәрігерлерге шағымданбаса да, екінші топ мүгедектігі бар белсендіні 24 ақпанда аурухағана жатқызған.

"Мені ауруханаға қамап тастады. Медициналық көмек бағдарламасын қайта қарап, ертерек жатқызып, ем-дом жасауымыз керек деді. Мен ешқандай талдау өтпей, дәрігерлерге де қаралмадым. Пикетке шығатынымды білген соң, мұның барлығы әдейі істелді деп ойлаймын" деді белсенді.

Пикет кезінде Өтебаевқа форма киген екі адам келіп, акцияның мақсатын сұрады. Олар әлдекімге телефон соғып, алаңның шетіне барып, акцияны сырттай бақылап тұрды. Бұған қоса, алаңға әкімдік қызметкерлері келіп, пикетті телефонға түсіріп тұрды.

Бас-аяғы бір сағаттан сәл асқан акцияның соңында Өтебаев жақын күндері тағы осыған ұқсас шара ұйымдастыратынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG