Accessibility links

Оппозиция "Шетел агенті туралы" заң жобасын мақұлдаған Грузия парламентін қоршап алды


Тбилиси, 7 наурыз, 2023 жыл.
Тбилиси, 7 наурыз, 2023 жыл.

Грузия парламенті "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заң жобасын "("Шетел агенті туралы заң" деп те айтылады) бірінші оқылымда мақұлдады. 150 депутаттың 76-сы қолдап, 13-і қарсы болған, 61 депутат қалыс қалған.

Заң жобасы мақұлданған соң, оппозицияның бірнеше мың жақтасы парламент ғимаратын қоршап алуға тырысқан. Ішкі істер министрлігінің арнаулы бөлімі шеруге шыққандарға көзден жас ағызатын газ бен су атқылағандықтан, олар парламент ғимаратының қақпасын жаба алмаған. Билікте отырған "Грузин арманы" партиясының депутаттары осы қақпа арқылы шығып кеткен.

Мақұлданған заң жобасы мен шеруге шыққандарға күш қолданылғанын АҚШ-тың Тбилисидегі елшілігі "грузин демократиясына түскен дақ" деп атады.

"Мұндай заң мақұлданғаны Грузияның стратегиялық серіктестерімен қатынасына зиян келтіреді және өз елінің азаматтарына көмектесіп жүрген ұйымдардың жұмысын қиындата түседі. Заң жобасы мен оның өте белсенді талқыланғаны билік партиясының Еуроатлантика интеграциясына дайын екеніне күмән келтіреді" деді АҚШ елшілігі.

Парламент төрағасы Шалва Папуашвили заңды Еуропа кеңесі Венеция комиссиясының сараптамасына жіберетінін, содан кейін ғана қабылдайтынын айтып, қоғамды тыныштандырмақ болған.

Ақпанның соңында Грузия парламентіне "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" және "Шетел агенттерін тіркеу туралы" деп аталатын екі заң жобасы түскен. Бұл заңдар шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғаларға арнаулы реестрге тіркелуді міндеттейді. Әйтпесе ірі көлемде айыппұл салынуы немесе бес жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Билікшіл "Халық күші" фракциясы жетекшілерінің бірі Гурам Мачарашвили заң жобасы АҚШ 1938 жылы қабылдаған FARA (The Foreign Agents Registration Act) заңының тәжірибесі бойынша жасалды деген уәж айтқан. Алайда оппозиция мұны "демагогия, шын мәнінде, осы заңдар арқылы билік азаматтық белсенділік пен ой-пікір еркіндігін Ресейдегідей басып-жаншығысы келеді" деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG