Украина Ресейдің 70-тен астам әскери ұшағын атып түсіріп, өзінің 60-қа жуық ұшағынан айырылған. Бұл ақпаратты АҚШ-тың Еуропа мен Африкадағы әскери әуе күштерінің қолбасшысы Джеймс Хеккер Колорадода өткен конференцияда айтты.
Генерал Хеккердің сөзінше, салыстырмалы түрде алғанда, шығын аз болғаны екі елдің де авиацияны жаппай қолдануына тосқауыл қоятын әуе қорғанысы жүйесінің айтарлықтай тұрақты жұмыс істегеніне байланысты. Сол себепті авиацияның елеулі бөлігі "пайдаға аспаған". Қазір Украина әскері қарсы шабуылға шығуы үшін әуеден қолдау көрсету сол себепті де күрделі болып тұр.
АҚШ Украинаға радарларды жоятын AGM-88 HARM зымырандарын берген. Хеккердің айтуынша, кейінгі үш аптада Украина HIMARS зымыран жүйесінің атыс радиусын кеңейтуге мүмкіндік беретін JDAM дәл көздейтін бомбасын ала бастаған.
Кейінгі кезде АҚШ пен Еуропа елдері Украинаға зымыранмен жаппай атқылаудан қорғайтын әуе қорғанысы жүйесін көбірек беруге көшкен. Алайда әзірге АҚШ Киевке 300 шақырымға дейінгі нысананы дәл көздейтін ATACMS зымыранын бере қойған жоқ.
Ресей әскери ұшақтарының шығыны туралы АҚШ генералының мәліметі Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің ақпаратымен сай келмейді. Осыдан бір апта бұрын Ұлыбритания Ресей Украинада 130 ұшағынан айырылды деген болатын.
ПІКІРЛЕР