Accessibility links

Ақтөбе мен Алматыда әйелдің зейнет жасын төмендетуді талап еткен митинг өтті


Әйелдің зейнет жасын төмендетуді талап еткен митинг. Ақтөбе, 8 наурыз, 2023 жыл
Әйелдің зейнет жасын төмендетуді талап еткен митинг. Ақтөбе, 8 наурыз, 2023 жыл

Қазақстанның батысындағы Ақтөбе қаласында әйелдің зейнет жасын төмендетуді талап еткен митинг өтті. Рұқсат етілген митинг қала шетіндегі "Авиатор" паркінде болды, оған 30 шақты адам қатысты.

Жиынға келгендер Қазақстанда әйелдің зейнет жасын 58-ге түсіруді талап етті.

Олар қолына "Тек әйелдің зейнет жасын көтеру – Конституцияны бұзу", "Әйелді зейнетке 63 жаста шығару – геноцид!!!!" деген плакаттар болды.

Әйелдің зейнет жасын төмендетуді талап ететін қозғалыс басшысы Ольга Смирнованың айтуынша, жиынға тек Ақтөбе емес, облыстағы Алға, Қарғалы аудандарының тұрғандары да келген.

Смирнова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдің зейнет жасын 61 жас етіп ұстап тұру шешімін "жартыкеш шара" деп атады.

Шара басталар тұста әкімдік қызметкерлері митингіге келгендерге гүл таратты.

Күн суық болғандықтан, жиын бір сағат қана болды. Митингіні әкімдік қызметкерлері мен полиция өкілдері бақылап тұрды. Бұған қоса, шараны жай киінген адамдар видеоға түсірді.

Әйелдің зейнет жасын төмендетуді талап еткен митинг Алматыда да өтті. ҚазТАГ-тың хабарлауынша, әйелдердің біразы жиынға қазақтың ұлттық киімімен келді. Олар әйелдің зейнет жасын төмендету болашақ әжелердің жақсы өмір сүруіне жағдай жасайды деген пікір айтты.

Сонымен бірге жиынға келген жұрт Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне әйелдерге амнистия жариялауды сұрады.

Біраз жыл бұрын Қазақстан билігі әйелдің зейнет жасын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын алты айға ұлғайту туралы шешім шығарған. 2022 жылдан бастап әйелдің зейнет жасы – 60,5 жыл. 2027 жылы әйел мен еркектің зейнет жасы теңесіп, 63 жаста зейнетке шығады деп ұйғарылған.

Былтыр елдің түкпір-түкпірінде әйелдің зейнет жасын төмендетуді талап еткен митинг көп өтті. Наразы жұрт жасы ұлғайған әйелдердің жұмыс табуы қиын екенін, табылған жұмысты да істеу оңай еместігін айтып шағынған. Олар зейнет жасын ұлғайтуға мораторий жариялауды сұраған.

Содан кейін парламент әйелдің зейнет жасын 61 жас деңгейінде қалдыру туралы заң жобасын әзірледі. Желтоқсанның аяғында заңға президент Тоқаев қол қойды. Зейнет жасы 2028 жылға дейін сол деңгейде қалатын болып шешілді.

Зейнет жасын одан әрі ұлғайтпау туралы шешімді Тоқаев президент сайлауын жариялаған қыркүйектегі сөзінде хабарлады. Кей сарапшылар мұны президент сайлауы қарсаңындағы популистік шара деп бағалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG