Accessibility links

Жыл басынан бері Шымкентте 625 адам газдан уланған. 16-cы қайтыс болған


Газ пешінің мұржасы. Көрнекі сурет.
Газ пешінің мұржасы. Көрнекі сурет.

1 миллионнан астам халық тұратын Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласында қаңтардан бері 625 адам газдан уланып, 16-сы қайтыс болған. Мұндай мәліметті Азаттыққа "ҚазТрансГазАймақ" компаниясының Шымкент қаласындағы өкілдігі хабарлады.

Бір күн бұрын мұнда Достық ықшамауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінің моншасынан 59 жастағы екі адамның мәйіті табылған. Алдын ала болжам бойынша, олар газдан уланған.

Оқиға 8 наурызға қараған түні болған. Мамандар моншадағы сужылытқыш пен түтін шығаратын құбыр дұрыс орнатылмағанын, желдеткіш жабық тұрғанын анықтаған. Алдын ала болжам бойынша, екі адам улы газға тұншығып қайтыс болған. Қазір қайғылы оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін сараптама тағайындалған.

"ҚазТрансГазАймақ" АҚ Шымкент қалалық бөлімінің өкілі Елдар Қуандықовтың Азаттық тілшісіне айтуынша, наурыздың басынан бері қалада газдан улануға қатысты үш жазатайым оқиға болып, төрт адам қайтыс болған. Олардың біреуі – бала, үшеуі – ересек адам.

"Өлімнен бөлек, газдан уланып, ауруханаға түсіп жатқандар көп. Себебі тұрғындар газ қолданудың қарапайым қауіпсіздік техникасын сақтамайды. Өз бетінше газ қондырғыларын арнайы жабдықталмаған терезесі жоқ бөлмелерге орнатады. Мұржалардың тазалығын тексермейді. Салдарынан улы газ тарап, адамдар тұншығып қайтыс болып жатыр. Адамдар улы газдың иісін сезбейді, түсін көрмейді. Адамдардың бөлме ішінде уланып, ауа жетпей өліп кетуі көбейді" деді маман Азаттыққа.

Компанияның мәліметінше, 2023 жылғы қаңтардан бері Шымкент қаласында газдан улану бойынша 261 оқиға тіркелген. 625 адам зардап шегіп, 16-сы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG