Accessibility links

Түркістан облысының прокуроры жұмыс кабинетінде жүрегі ұстап қайтыс болған


Бейтарап сурет.
Бейтарап сурет.

9 наурызда Түркістан облысы прокуроры Марат Әлиханов жұмыс кабинетінде жүрегі ұстап қайтыс болған. Бұл ақпаратты бас прокуратураның баспасөз хатшысы Дархан Дүйсебайұлы растады.

Оның Азаттыққа айтуынша, оқиға 9 наурызда түске дейін болған. Прокурордың кабинетінде өзге де адамдар болған. Бірақ баспасөз хатшысы кімдер болғанын нақтыламады.

– Марат Тілеуқабылұлы мезгілсіз дүниеден өтті. Нақты неден көз жұмғанын сараптама анықтайды. Жұмыс істеп отырған кезде жүрегі ұстап қалған сияқты. Қасында кісілер болған. Жедел жәрдем шақырылғанымен, ол кісі сол жерде дүниеден өтіп кетті. Аяқ астынан болған ғой. Ешкім олай болады деп ойлаған жоқ, – деді Дархан Дүйсебайұлы.

Әзірге Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі жауап бермеді.

Марат Әлиханов Түркістан облыстық прокуроры қызметін 2020 жылғы ақпаннан бастап атқарған. Оған дейін Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары, Қазақстанның бас көлік прокуроры, бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары және бірінші орынбасары болған.

1965 жылы туған. Прокуратура органдарында 1989 жылдан бері қызмет еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG