Accessibility links

Ли Цян Қытай үкіметінің жетекшісі болып бекітілді. Ол экономикаға жауап береді


Ұлттық халық конгресінің үшінші жалпы отырысы.
Ұлттық халық конгресінің үшінші жалпы отырысы.

Ли Цян Қытай мемлекеттік кеңесінің жаңа премьері – үкімет жетекшісі болып бекітілді. Ол бұрын Қытай коммунистік партиясының Шанхайдағы комитетіне жетекшілік еткен.

Халық өкілдерінен құралған бүкілқытайлық жиынның 3 мың депутаты арасында үш адам ғана оның кандидатурасына қарсы болған, сегіз адам қалыс қалған. Осы аптада депутаттар Си Цзиньпинді Қытай төрағасы етіп үшінші мерзімге сайлаған еді.

63 жастағы Ли Цян "Си Цзиньпинге адалдығын" былтыр көктемде – коронавирус індеті кезінде халықтың табанды қарсылығына қарамастан, билік Шанхай тұрғындарын екі ай оқшаулаған шақта "дәлелдеген". Сол кезде тұрғындар азық-түлік, медициналық көмек пен негізгі қызмет түрлерін ала алмағанына шағымданған.

Ли Цян коронавирус індетінен зардап шеккен Қытай экономикасын жандандыруға жауапты болады. Қазір елде жұмыс күшінің азаюы мен халықтың қартаю процесі қатар жүріп жатыр. Былтыр Қытайдың экономикалық дамуы 3 пайызға бәсеңдеген. Індетке дейін бұл көрсеткіш 6,1 пайыз болған.

Ли Цянға дейін премьер қызметін 10 жыл Ли Кэцян атқарған. Сарапшылар оны партияда жоғары лауазымды қызмет атқарған соңғы технократ деп атайды. "Оның отставкасы "енді шенеуніктердің қызметте өсуіне оның тәжірибесі мен тиімді басқаруы емес, Си Цзиньпинге саяси адалдығы әсер ететін" заман басталғанынан хабар береді" дейді Нью-Йорктегі Фордхем университетінің Қытай заңнамасы мен басқаруы бойынша сарапшысы Карл Минцнер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG