Accessibility links

Маңғыстау облысында Techno Trading жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шықты


Маңғыстау облысында Techno Trading LTD компаниясы жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп, ереуіл жасап тұр. 10 наурыз, 2023 жыл.
Маңғыстау облысында Techno Trading LTD компаниясы жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп, ереуіл жасап тұр. 10 наурыз, 2023 жыл.

Маңғыстау облысы Жетібай кентінде Techno Trading LTD мұнай-сервис компаниясы жұмысшыларының ереуілге шыққанына екі күннен асқан. Олар жалақыны 100 пайыз өсіруді талап етеді. 10 наурызда жұмысшылар Қарақия ауданының Жетібай кентіндегі кәсіпорын кеңсесі алдында билікке видеомәлімдеме жасап, талабын жеткізген.

"Бүгін – 10 наурыз, 2023 жыл. Біз, Қарақия ауданы Жетібай кентінде орналасқан Techno Trading ЖШС жұмысшылары, жалақымыздың аздығына байланысты оны 100 пайыз өсіруді сұраймыз. Талабымыз біреу" деді үндеуді оқыған жұмысшылардың бірі. Оның "Қолдаймыз ба?" деген сауалына артында тұрған ондаған жұмысшы "Қолдаймыз!" деп жауап берді.

Жұмысшылар үндеуді президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Techno Trading LTD компаниясының жетекшісі Фатима Цаголоваға бағыттаған.

Наразылардың сөзіне қарағанда, 11 наурызда ереуілге төртінші кезек жұмысшылары да қосылған. Осылайша ереуілге барлығы 100-ге жуық адам қатысып жатыр деп айтылады. Олар сорғы, компрессорлық құбыр мен сорғы қарнақтарын жөндейтін цехтарда жұмыс істейді.

Түрлі қысым-тосқауылдан аулақ болғысы келетінін айтып, аты-жөнін атамаған операторлардың бірі 7 наурызда жұмысшыларға айлық берілгенін, бірақ біраз бөлігін басшылық ұстап қалғанын айтты. Жуырда директордың тәртіпсіздікке байланысты айыппұл салу туралы бұйрығы шыққан. Азаттық тілшісі оның көшірмесімен танысты. Онда ескерту алған 30 шақты жұмысшының аты-жөні бар. Оператордың айтуынша, жұмысшылар оған қол қоюдан бас тартқан. Айыппұлға ақпанның ортасындағы жұмысшылар жиыны себеп болған. Жиында жұмысшылар еңбекақы төлеу жүйесі бойынша ұсыныстарды талқылаған. Осыдан кейін жұмыс беруші "45 минут жұмыста болмағаны үшін" ондаған адамның үстінен хаттама толтырған.

Сенбі күні Techno Trading ЖШС компаниясынан жауап алу мүмкін болмады. Азаттық тілшісі кәсіпорынға хабарласқан кезде өздерін компания қызметкері ретінде таныстырған екі адам басшылық орнында емес екенін айтты. Ал Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы кейін хабарласуды өтінді.

Азаттық сөйлескен компания жұмысшыларының айтуынша, 4-разрядтағы оператордың жалақысы – сыйақыны есептегенде, 250-300 мың теңге. "Қымбатшылық жағдайында бұл жетпейді" деді жұмысшы.

Оның сөзіне қарағанда, 9 наурызда кешкі уақыттан бері оларды кәсіпорын аумағына кіргізбей, сол жерден су алуға, дәретханаға баруға, жуынуға мүмкіндік бермеген. 9 наурыздан бері жұмысшылар кәсіпорын маңындағы алаңда жүр, кезектесіп көлікте жылынады. Жұмысшылар бір күн бұрын киіз үй тіккісі келген, бірақ кәсіпорын өкілдері рұқсат етпеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG