БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк 16-17 наурызда Қазақстанға ресми сапар жасайды. Бұл жөнінде БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы хабарлады.
17 наурызда ол Астанада баспасөз мәслихатын өткізеді.
Астанадан бұрын Фолькер Тюрк 13-15 наурызда Өзбекстанда болады.
Ол екі ел үкіметіндегі жоғары лауазымды тұлғалармен, адам құқығы жөніндегі уәкілдермен, азаматтық қоғам өкілдерімен кездеседі.
Өзбекстанға сапары барысында Фолькер Тюрк Қарақалпақстан астанасы Нөкіске де барып, Адам құқығы декларациясының қабылданғанына 75 жыл толуына арналған шараға қатысады.
Осыған ұқсас шара Астанада да өтеді.
58 жастағы австриялық заңгер Фолькер Тюрк 2022 жылы қыркүйекте БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары болып сайланған. Ол БҰҰ құрылымдарында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Астанаға 238 адам опат болған Қанды Қаңтар оқиғасынан бір жылдан астам уақыт өткен кезде келейін деп отыр. Астана халықаралық ұйымдар мен белсенділердің Қаңтарды халықаралық тергеу туралы ұсынысын кері қайтарған. Билік құқық қорғаушылардың "Қанды оқиға жан-жақты тергелген жоқ, оқиға кезінде опат болған адамдардың өліміне кінәлілер, адам азаптағандар жазаланбады" деген сынына келіскен жоқ.
Қазақстанға 2012 жылы БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй (2008-2014) келген. Нави Пиллэй мен БҰҰ еркін жиналу құқығы бойынша арнайы баяндамашысы Майна Киаи билікті Жаңаөзен оқиғасына халықаралық тергеу жүргізуге шақырған. 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілін полиция күшпен басып, бейбіт демонстранттарға оқ атты. Ресми мәлімет бойынша, кемінде 17 адам қаза болған, жүздеген адам жараланған. Жаңаөзен оқиғасын тәуелсіз тергеуге Еуропарламент те үндеген.