Иран ресейлік Су-35 жойғыш ұшағын сатып алу жөніндегі процедураларды аяқтады. Бұл туралы 11 наурызда Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігіне сүйенген Иранның мемлекеттік IRIB арнасы хабарлады.
"Иран бірқатар елге Иранға жойғыш ұшақ сату мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш айтқан, Ресей өтінішті мақұлдады" деп жазылған хабарламада.
Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігі келісімнің шарттарын, ол қашан жасалғанын және құжат бойынша Иранға қанша ұшақ жеткізілетінін айтпады. Дегенмен түріктің Anadolu агенттігі Иран ақпарат құралдарына сүйене отырып, мәселе 24 жойғыш ұшақ жөнінде болып отыр деп жазды. Израильдің "12-арнасы" да сол санды айтты. Арнаның хабарлауынша, бұлар – бастапқыда Египетке сатылуға тиіс болған әскери ұшақтар.
Reuters-тің хабарлауынша, қазір Иран қарулы күштерінде ондаған әскери ұшақ бар және көбі – 1979 жылға дейін жеткізілген америкалық ұшақтар. Иранда сонымен бірге Ресейде шыққан МиГ-29 және Су-24 ұшақтары да бар. Егер Су-35 жеткізілсе, ол Иранның соңғы үлгідегі әскери ұшағына айналады.
Иран ақпарат құралдарының жазуынша, ресейлік истребитель – "төртінші және бесінші буынға жататын әлемдегі ең қуатты ұшақтардың бірі". Ақ үй Ресей истребителінің жеткізілуі аймақта күштердің ара салмағын өзгертуі мүмкін деп ескерткен.
Иранның мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, Тегеранға қару тасуға тыйым салатын БҰҰ санкциясы алынған соң, Иран аты аталмаған бірнеше елмен жойғыш ұшақ сатып алу туралы келіссөз жүргізген. Ресеймен келісімге қол жеткізгенін қаңтарда Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүшесі Шахриар Хейдар "Тасним" агенттігіне берген сұхбатында айтқан. Ол жойғыш ұшақтар осы көктемде жеткізілуі мүмкін деп мәлімдеген.
Ресейдің Украинаға басқыншылығы кезінде Мәскеу мен Тегеран қауіпсіздік саласында әріптестікті нығайтқан. Желтоқсанда АҚШ президенті әкімшілігінің өкілі журналистерге Ресей мен Иранның әскери саладағы әріптестігі "бұрын-соңды болмаған" дәрежеге жеткенін айтқан.
Батыс елдері Иран Ресейге әскери дрондарымен көмектесіп отыр, ол дрондарды орыс армиясы Украинадағы соғыста пайдаланып жатыр деп айыптаған. Тегеран мұны жоққа шығарғанымен, Ресейге дронды соғыстан бұрын жеткізгенін мойындаған.
- Бомбалаушы Су-34 ұшағын Ресей армиясы 2014 жылдан бері пайдаланады және экспортқа ұсынып келеді. Ұшақ қарсылас жақтың аумағында зымыран-бомбалармен соққы жасауға арналған. Украина армиясының әуе шабуылынан қорғайтын жүйесі көп болғандықтан, Ресей Украинадағы соғыста оны аз пайдаланып жатыр.