Ресейде "мектепке шабуылдауға оқталды" деп айыпталып, сотталған волгоградтық 16 жастағы Ярослав Иноземцев елден кетті. Бұл жөнінде "Дозор в Волгограде" телеграм-арнасы хабарлады. "Кавказ.Реалии" сайтының хабарлауынша, жасөспірімнің отбасы да Ресейде емес.
2022 жылы жазда Дондағы Ростов соты Иноземцевті "күштеп медициналық шара қолданатын арнайы стационарға" жіберген. Қаңтарда сот үкімі күшіне енген.
"Сот үкімі күшіне енгеннен бері Ярославқа қатысты ешқандай шектеу қолданылған жоқ. Сол себепті біз елден заңды түрде шығып кеттік. Ештеңені бұзған жоқпыз" деді жасөспірімнің анасы Юлия Иноземцева "Кавказ.Реалии" сайтына. Отбасына Ресейден кетуге Волгоградтағы соғысқа қарсы "Дозор" қозғалысы көмектескен. Белсенділер Иноземцев пен анасына ақша жинап берген деп жазды "Медиазона".
Сапарға шыққан кезде түсірілген видеода Иноземцев өзіне қозғалған іс ойдан ұймыдастырылғанын айтады.
"Кез келген жасөспірімдікі сияқты менің де өз қызығатын нәрселерім бар еді. Үкіметке қарсы, Путинге қарсы жазбаларым үшін менен террорист жасағысы келді" деді Иноземцев видеода.
Оның отбасы істің саяси сипаты барын айтқан. Иноземцев Украинадағы соғыс пен Ресей билігіне қарсы екенін растады.
- Ярослав Иноземцев 2020 жылы маусымда 14 жасында ұсталған. Тінту кезінде күш құрылымдары одан "қолдан жасалған жарылғыш зат" және 18 дана "Молотов коктейлін" тәркілегенін айтқан. Адвокатының айтуынша, шын мәнінде, "күші бір картон қорапты жаруға ғана жететін петарда" болған. Тергеу органдары оны "өзі оқыған мектепте теракт жасамақ болды, оқу ісінің меңгерушісін және оқушылардың бірін өлтіруге оқталды" деп айыптаған. Иноземцевтің өзі тәркіленген заттарды ойын-сауық мақсатында қолданғысы келгенін айтқан. Жарты жылдан соң оның ісі "теракт әзірлеу" бабына ауыстырылды.
- 2021 жылы ақпанда Мәскеудегі Сербский атындағы институттың сараптамасы Иноземцевтің "ақыл-ойы дұрыс емес" деген қорытынды шығарған. Сәуірде ол тергеу изоляторынан психиатрия ауруханасына ауыстырылған. Маусымда ісі сотқа жіберілді, кейін көп қатеге байланысты іс прокуратураға қайтарылып, жасөспірім қамаудан босатылған.
- 2021 жылы қазанда сот оны тергеу изоляторына қайта қамап, қарашада психиатрия ауруханасына қайта жатқызды. 2022 жылы қаңтарда сот оның ісін қайта қарай бастаған соң, жасөспірім үйіне қайтарылған, оған қандай іс-әрекет жасауға болмайтыны ескертілген.
- Бастапқыда оны айыптаған сыныптасы мен оқу ісінің меңгерушісі кейін айнып қалған. Сыныптасы сотта өзін жәбірленуші деп есептемейтінін, Иноземцев қоқан-лоқы жасамағанын айтты. Ал оқу ісінің меңгерушісі өзіне "шабуыл жасалатынын" күш құрылымдарынан ғана естігенін айтты.
- 2022 жылы шілдеде сот "теракт жасауға оқталды", "жарылғыш затты заңсыз сақтады", "қолдан жарылғыш зат дайындады" деп айыпталған Иноземцевті кінәлі деп таныды. Оны психиатриялық клиникада мәжбүрлеп емдеу туралы шешім шығарды. 2023 жылы қаңтарда апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған.
ПІКІРЛЕР