Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілдігі өткен аптада Ақ үйде үкіметтік емес "Ар.Рух.Хақ" ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаны марапаттау рәсіміне қазақстандық дипломаттар неге қатыспағанын түсіндірді.
Қазақстан құқық қорғаушысы өзге де 10 елдің өкілдерімен бірге АҚШ мемлекеттік хатшысының "Батыл әйел" халықаралық сыйлығына ие болған. Марапаттау рәсіміне қатыспаған Қазақстан дипломаттары өз елінің өкілін құттықтамағаны да әлеуметтік желіде сынға ұшыраған.
"Сыйлық тапсыру рәсіміне Қазақстаннан басқа елдердің бәрінің дипломаттары келіп, өздерінің лауреаттарын құттықтап, суретке түсті. Рас, мен Ақорданың саяси оппонентімін, бірақ қалай болғанда да Қазақстан азаматымын ғой. Ұят болды" деп жазды Бақытжан Төреғожина.
Наурыздың 13-інде Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров марапаттау рәсіміне Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаевтың атына шақыру жіберілгенін мәлімдеді.
"Дәл осы кезде ол Қазақстанның энергетика министрі басқарған делегациямен бірге Хьюстон қаласындағы келіссөзге қатысып отырған еді" деді ол 13 наурызда өткен брифингіде.
Смадияров АҚШ-тың мемлекеттік хаттамасы мен Ақ үйдің ережесіне сілтеп, "шақыру нақты адамға жіберілгендіктен, өзгелер баруына болмайтынын" алға тартты.
"Соған байланысты марапаттау рәсіміне Қазақстанның өзге дипломаттарының қатысуына мүмкіндік болмады" деді ол.
Алайда баспасөз хатшысы сыйлық иесін не себептен құттықтамағанын түсіндірмеді. "Әрине, еліміздің үкіметтік емес ұйымдары жетіліп, халықаралық деңгейде мойындалып жатқанына қуанамыз" деді ол: "2018 жылы бұл сыйлықты Айман Омарова алды, 2021 жылы Шахноза Хасанова Department of State Trafficking in Person Report Heroes Award сыйлығына ие болды".
Смадияровтың сөзінше, бұл сыйлықтар "Қазақстан азаматтық қоғамы белсенді екенін, адам құқығы саласында қазақ-американ ынтымақтастығы дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді".
"2022 жылдан бері Қазақстан мен АҚШ арасында демократиялық реформалар мен адам құқығы бойынша жоғары деңгейде диалог өрбіп келеді" деді ол.
Құқық қорғаушылар мен белсенділер адам құқығы мәселесі бойынша Қазақстан билігін ұдайы сынап келеді. Вашингтонның халықаралық Freedom House ұйымы таяудағы есебінде Қазақстанды саяси құқықтар бойынша көрсеткіштер жөнінен ең төменгі деңгейдегі елдер қатарына қойды. Есепте бейбіт акция ұйымдастырғысы келген белсенділерге билік рұқсат бермейтіні, рұқсатсыз шыққандарды қуғындап, түрмеге қамауға дейін баратыны айтылған. Freedom House Қазақстанда авторитар басқарудағы ел деп көрсеткен.
ПІКІРЛЕР