Accessibility links

Астана соты ұсталғандарға "жас ағызатын газ шашқан" бұрынғы полиция қызметкерін бес жылға соттады


Астанадағы сот ғимараттарының бірі.
Астанадағы сот ғимараттарының бірі.

Астана қаласының Байқоңыр аудандық соты ұсталғандарға бірнеше рет "жас ағызатын газ шашқан" бұрынғы полиция қызметкерін бес жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Соттың жазуынша, полиция қызметкеріне "билік өкілетін асыра пайдалану" (362-бап, 4-бөлік, 2-тармақ) бабы бойынша айып тағылған. Хабарламада экс-полицейдің аты-жөні айтылмайды.

Ақпаратқа қарағанда, айыпталушы экс-полицей айыптарды мойындамаған.

Соттың хабарлауынша, былтыр 10 тамызда К. есімді полицей әкімшілік хаттама толтыру үшін полиция пунктіне жеткізілген Н. және Б. есімді азаматтарға баллонмен "еш негізсіз" бірнеше рет жас ағызатын газ шашқан. Соның салдарынан екі адамға зақым келген.

Жарыссөз кезінде прокурор оған сегіз жыл түрме жазасын беруді сұраған. Сот үкім шығарар кезде айыпталушының кәмелетке толмаған балалары барын ескерген. Судья полиция қызметкерін "билік өкілетін асыра пайдаланды" деп таныған, бес жыл түрме жазасынан бөлек, ер адамды жеті жыл мемлекеттік қызметте істеу мүмкіндігінен айырған. Полиция капитаны атағын да жойған.

Қазақстанда митинг, наразылық акциялары кезінде полиция қызметкерлерінің әрекетіне жиі шағым түседі. Полицияның бейбіт жиын өткізу құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды күштеп ұстауы – елде жиі кездесетін практика. Құқық қорғаушылардың айтуынша, полиция әрекетіне шағымданғандар көп болғанымен, олардың ісі көп жағдайда сотқа жете бермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG