Беларусь құқық қорғау органдары тәжік оппозициясы белсенділерінің бірі Низомиддин Насриддиновті ұстаған. Беларус құқық қорғаушылары "белсенді Тәжікстан билігіне тапсырылуы мүмкін, ол жақта оны азаптау мен қатыгездік күтіп тұр" деп алаңдайды.
Human Constanta құқық қорғау ұйымының өкілі Энира Броницкая Азаттықтың Тәжік қызметіне Насриддинов 8 қаңтарда Беларусь шекарасын кесіп өткен кезде Тәжікстан билігінің өтініші бойынша ұсталғанын хабарлады. Сол уақыттан бері тәжік белсендісі Гродно қаласындағы тергеу изоляторында отыр. Беларусь бас прокуратурасы оны Тәжікстан билігіне экстрадициялау туралы шешім шығарған.
Низомиддин Насриддинов 2015 жылдан бері Германияда тұрып келеді. Германия билігі оған және оның отбасы мүшелеріне саяси баспана берген. 2017 жылы Насриддинов Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның жылдық жиынында өзін Тәжікстанда тыйым салынған "24 тобының" мүшесімін деп таныстырған.
Ал аталған қозғалыстың ресми өкілдерінің бірі Низомиддин Насриддинов "24 тобынан" бес жыл бұрын шығып кеткенін айтқан.
Тәжікстан билігі белсендінің ұсталуына қатысты түсініктеме бермеді.
Энира Броницкаяның айтуынша, Тәжікстанда Насриддиновтің үстінен "экстремизмге үндеу және экстремизмді ақтау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Мұндай қылмыс түрін жасағандарға 3-5 жыл түрме жазасы қарастырылған.
Құқық қорғаушының айтуынша, іс қашан қозғалғаны белгісіз. Оған Facebook желісінде "елде тыйым салынған "24 тобы" мен "Тәжікстанның ислам жаңғыру партиясының" материалдарын таратты деген айып тағылған. Белсенді тәжік президенті мен тәжік үкіметін сынағаны үшін де қылмыстық қудалауға іліккен.
Құқық қорғаушы оны Тәжікстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған кезде Беларусь билігі Насриддиновтің халықаралық қорғауда екенін, Тәжікстанда оны әділетсіз соттап, азаптауы мүмкін екенін ескермегенін айтады.
Низомиддин Насриддинов Беларусь бас прокуратурасының шешімін апелляцияға берген. Оның шағымын наурыздың аяғында Гродно облыстық соты қарайды. Құқық қорғаушылар екінші инстанцияда сот Германия билігінің шешімін назарға алады деп үміттенеді.