Accessibility links

"Ескі әдіс". Тәуелсіз кандидаттарды сайлаудан шеттетудің астарында не жатыр?


Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Жанар Жандосова сайлаудан шеттетілгеннен кейін оның штабының қызметкерлері үміткердің үгіт плакатына "Шындық үшін шеттетілді" деген жазу жапсырып қойған. Фото авторы – Эмина Кужамуратова.
Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Жанар Жандосова сайлаудан шеттетілгеннен кейін оның штабының қызметкерлері үміткердің үгіт плакатына "Шындық үшін шеттетілді" деген жазу жапсырып қойған. Фото авторы – Эмина Кужамуратова.

"Құрылысы аяқталмаған пәтерді көрсетті", "тренинг әдістемесіне берілген авторлық құқықты көрсетпеді", "үгіт-насихатқа ерте кірісті"... Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттығына өзін-өзі ұсынған кандидаттарды түрлі себеппен сайлаудан шеттетіп жатыр. Тәуелсіз үміткерлерді сайлауға жеткізбей шығарып тастаудың астарында не жатыр?

"ШЫНДЫҚ ҮШІН ШЕТТЕТІЛДІ"

Алматының орталығында үгіт плакаттары ілінген стендіде мәслихат пен мәжіліс депутаттығына он шақты кандидаттың күлімсіреген суреттері мен қысқа ұрандары көзге түседі. "Мен сіздерді таңғалдырамын!", "Парламентті жаңартайық!" деген тәрізді ұрандардың арасынан "Шындық үшін шеттетілді" деген үлкен қаріппен басылған жазу бірден көрінеді. Бұл – Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына өзін-өзі ұсынған бұрынғы кандидат, "Сандж зерттеулер орталығы" қоғамдық қорының президенті Жанар Жандосованың үгіт плакатына жапсырылған жапсырма. Оны Жанар Жандосованың штабы кандидат сайлаудан шеттетілген соң жапсырып кеткен. Жандосованың сайлауға жетпей додадан шығып қалуына құрылысы аяқталмаған тұрғын үйден үлескер ретінде пәтер сатып алғанын декларацияда көрсеткені себеп болған. №17 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша №3 сайлау комиссиясы мұны "салық декларациясы деректеріндегі сәйкессіздік" деп тапты.

Жанар Жандосова бұл шешімнің үстінен Алматы қаласының әкімшілік сотына шағымданып, сот оны мәслихат депутаттығына кандидаттықтан шығарған аумақтық сайлау комиссиясының шешімін заңсыз деп таныды. Жандосова кандидат куәлігін қайтарып алған соң, оның штабы мен еріктілер үнпарақ таратып, үгіт-насихат науқанына қайта кіріскен. Алайда ол ұзаққа созылмады. №17 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайлау комиссиясы бұл шешімнің үстінен апелляциялық шағым түсіріп, қалалық соттың апелляция алқасы оны қанағаттандырды.

Қазақстан азаматтары 19 наурызда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлайды. Бұл сайлау да кезектен тыс өтіп жатыр.
Қазақстан азаматтары 19 наурызда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлайды. Бұл сайлау да кезектен тыс өтіп жатыр.

Жандосова бүкіл активін жасырмай, декларацияда көрсеткені үшін сайлаудан шеттетілуін дұрыс емес деп есептейді.

− Сонда үлескерлік меншіктегі қанша активті сатып алсаң да, оны декларацияда көрсетпей-ақ жасыра аласың деген сөз бе? Сонда ашықтыққа, керісінше, тосқауыл қойыла ма? Декларацияда кез келген мүлікті көрсетуге құқылысың. Мен адал болдым, бәрін көрсеттім, сол үшін шеттетілдім, − дейді ол.

Жандосова мәслихатқа сайланса, бюджет ашықтығын зерттеуші ретінде бюджетті жоспарлау, артық шығынды қысқарту тәрізді мәселелерді көтеремін деп жоспарлаған. Ол басқаратын "Сандж зерттеулер орталығы" қоғамдық қоры" бюджет ашықтығы бойынша бірқатар зерттеу жүргізген.

Жандосова билік тәуелсіз кандидаттардан қорқады, себебі олар депутат болып сайланса, әлденені жасыру мен өздері қалайтын шешімді қабылдау қиынға соғады деп есептейді. Жандосованың ойынша, бұл − шын мәнінде, өзін сайлаудан шеттетуге сылтау болған формал себеп қана.

"ҮГІТ-НАСИХАТТЫ ЕРТЕ ЖҮРГІЗГЕНІ ҮШІН" ЖАЗАЛАУ

Қазақстанда мәжіліс сайлауына өзін-өзі ұсыну институты 2007 жылы жойылған. Сол кезден бері парламент мәжілісіне сайлау да тек пропорционал жүйе бойынша өтіп келген.

2018 жылы жергілікті өзін-өзі басқару органы – мәслихатқа сайлау да тек қана партиялық тізім бойынша өтті.

Қаңтар оқиғасында наразылыққа шыққан халық саяси жүйені түбегейлі өзгерту жайлы талап қойған соң, президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында халыққа арнаған жолдауда мәжіліс пен мәслихатты пропорционал және мажоритар жүйе арқылы сайлауды ұсынды. Президент мәжіліс пен мәслихаттың жаңа үлгімен жасақталуы жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады деп мәлімдеді.

Парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауына түсіп жатқан депутаттыққа кандидаттардың үгіт парақшалары ілінген жер. Астана, 20 ақпан, 2023 жыл.
Парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауына түсіп жатқан депутаттыққа кандидаттардың үгіт парақшалары ілінген жер. Астана, 20 ақпан, 2023 жыл.

19 жылдан кейін бірмандатты округ бойынша мәжіліске өзін-өзі ұсыну институты қайтарылған бұл сайлауда 29 мандатқа жүздеген адам үміткер. Мәжіліске үміткер 1 миллион 50 мың теңге жарна төлеуі қажет. Еуропа қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы жариялаған кезектен тыс парламент сайлауы бойынша аралық есебінде "бірмандатты үміткерлердің көбі тіркеуге қажет жарнаның жоғарылығына алаңдаушылық білдіргеніне" назар аударды.

Танымал марафоншы, билікті сынап жүрген белсенді, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының мүшесі Марат Жыланбаев мәжіліс кандидаты ретінде тіркелу үшін төлейтін жарна қымбат болғандықтан, қолдаушыларынан әлеуметтік желі арқылы жылу жинаған. Осы жазба көп кешікпей оның үстінен "уақытынан бұрын үгіт-насихат жүргізгені үшін" әкімшілік іс қозғауға себеп болды.

Оппозициялық белсенді Марат Жыланбаев.
Оппозициялық белсенді Марат Жыланбаев.

7 ақпан күні мәжіліске кандидат ретінде тіркелген белсенді сайлауалды бағдарламасын әзірлеп, үнпарақтар мәтінін дайындауға кірісті. Қаңтар оқиғасын зерттеу, оқиғада зардап шеккендерге өтемақы төлеу, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасын тергеу тәрізді талаптар тізілген сайлауалды бағдарламасын Астанадағы баспаханалар басудан бас тартқан соң, бұл материалдарды Алматыдағы баспаханалардың бірінен шығаруға мәжбүр болды. Бірақ үгіт-насихат енді қыза бастаған шақта, 24 ақпан күні Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Марат Жыланбаевты "үгіт-насихатты мерзімінен бұрын жүргізгені үшін" әкімшілік жауапқа тартып, 15 айлық есептік көрсеткіш (51 750 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Жыланбаевтың үстінен Алматы ауданының прокуроры шағым түсірген. Прокуратура өкілі сотта Жыланбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасына жасалған мониторинг кезінде "мерзімінен бұрын үгіт-насихат жұмысын жүргізу анықталғанын" мәлімдеді. Жыланбаевтың сайлаудан шеттетілуіне сот шешімі түрткі болды.

"Әкімшілік сот конституциялық құқығымды бұзды. Себебі ол кезде (әлеуметтік желіде жылу жинау туралы хабарландыру ілген 29 қаңтар күні − ред.) кандидат ретінде тіркелмеген едім. Мен тек 7 ақпан күні кандидат болып тіркелдім. Ол жазбада "маған дауыс беріңдер" демедім, тек қаржылай көмек сұрадым" дейді ол.

Марат Жыланбаев сайлаудан шеттетілуін азаматтық белсенділігінен көреді.

– Парламентке барсақ, демократия, еркіндік пен құқықтарды талап етеміз. Партиямызға өзгерістерді қалайтын адамдар жиналған. Депутат болсақ, үніміз де күштірек шығар еді. Бізден қорқатыны түсінікті, партияны ("Алға, Қазақстан" партиясын) сол себепті тіркемейді, – дейді ол.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының тағы бір мүшесі, астаналық белсенді Амангелді Жахинге де "ерте үгіт-насихат жүргізгені үшін" әкімшілік айыппұл салынып, сайлаудан шеттетілді.

Партияларын тіркей алмаған белсенділер министрлікпен соттасып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:28 0:00

"ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАТЕ" ЖӘНЕ САЯСИ ҚАРСЫЛАСТАРДАН ҚҰТЫЛУ

Азаматтық белсенді, Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматыдағы әуежайды басып алмақ болды" деп айыпталған Әйгерім Тілеужан мәжіліс сайлауына кандидаттығынан екі мәрте айырылды.

Бастапқыда Алматыдағы №3 бірмандатты аумақтық сайлау округі оның сайлау жарнасын төлеген банк құжатына күмән келтіріп, тіркемей қойды. 27 ақпан күні Жоғары сот №3 бірмандатты аумақтық сайлау округі хаттамасын заңсыз деп танып, Әйгерім сайлауға кандидат ретінде қайта қосылған.

"Алматыдағы әуежайды басып алмақ болды" деп айыпталған Әйгерім Тілеужанға үйқамаққа алу туралы бұлтартпау шарасы қолданылғанымен, "Сайлау туралы" заңға сәйкес, мәжіліске кандидаттың жүріп-тұруына кепілдік берілген. Әйгерім жақтастарымен бірге үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп, сайлаушылармен кездесулер өткізе бастады. Алайда арада 12 күн өткен соң №3 бірмандатты аумақтық сайлау округі "табыс декларациясындағы мәліметтерден сәйкессіздік анықталуына байланысты" оны сайлаудан қайта шеттетті.

Белсенді Әйгерім Тілеужанның мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркеу мәселесін қараған аумақтық сайлау комиссиясының жиынына үміткерді қолдайтын азаматтық белсенділер де келді. Алматы, 17 ақпан, 2023 жыл.
Белсенді Әйгерім Тілеужанның мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркеу мәселесін қараған аумақтық сайлау комиссиясының жиынына үміткерді қолдайтын азаматтық белсенділер де келді. Алматы, 17 ақпан, 2023 жыл.

– Әйгерім Тілеужанға бас прокуратура ерекше назар аударып отыр. Аумақтық сайлау комиссиясына хат жазып, біздің ойымызша, сайлау комиссиясына қысым көрсетті. Бас прокуратураның түсінігінде оның үстінен тергеу жүріп жатқандықтан, ол үгіт-насихат жүргізу, кандидат болу құқығынан айырылған, – дейді оның сенімді өкілі Әлнұр Ілияшев.

Әйгерім Тілеужан мен тағы төрт белсендіге "әуежайды басып алу" ісі бойынша айып тағылған. 14 наурыз күні Алматы сотында бұл іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Әйгерім бұған дейін өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген.

Белсенді Әйгерім Тілеужан пикетте тұр. Алматы, 3 қараша, 2020 жыл.
Белсенді Әйгерім Тілеужан пикетте тұр. Алматы, 3 қараша, 2020 жыл.

"Салық декларациясы мәліметіндегі сәйкессіздік" үшін сайлаудан шеттетілген кандидаттардың арасында Аида Әлжанова да бар. Алматы қаласы №5 аумақтық сайлау комиссиясының оны кандидаттар қатарынан шығаруына негіз болғаны – тренинг әдістемесіне авторлық құқығы барын декларацияда көрсетпеуі.

Әлжанова әріптестерімен бірге өткізетін тренинг әдістемесін "Қазпатентте" методологияға арналған категория болмағандықтан, әдеби туынды деп тіркеген. Бұдан табыс таппаған, бірақ салық органдары мұны "декларация мәліметіндегі сәйкессіздікке" балаған.

Әлжанова бұл үшін сайлау додасынан шығаруды "техникалық қате" деп есептейді.

– Көп елде сайлауды бақыладым, оларда декларациядағы қате үшін шеттетпейді. Мен салықтан жалтарғаным жоқ, әлдебір яхтаны жасырып қойғаным жоқ. Оның үстіне, декларацияны мемлекеттік кірістер департаментінде қызметкердің көмегімен толтырдым. Олардың біліктілігіне сендім. Осындай кішігірім қате конституциялық құқығымның бұзылуына ұласты. Енді Конституциялық сотқа шағымданамын, – дейді Әлжанова.

Заңдағы олқылық. Кандидат декларациясын тіркелгеннен кейін тексерген қаншалық дұрыс?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

Мәжіліске өзін-өзі ұсынғандардың арасынан "салық декларациясы мәліметіндегі сәйкессіздік үшін" Асылбек Қожахметов, Рүстем Амангелді, Әділ Орманов, Ерұлан Жиенбаевтардың кандидатурасы сайлау додасынан шығарылды. Алматы қаласы мәслихаты депутаттығына кандидат болған Әсия Төлесова, Ерболат Оразбекұлы, Роман Ботабеков, Айгүл Жансерікова, Астана қаласы мәслихатының депутаты Аида Жексен де осы себеппен сайлаудан тыс қалды.

"Салық декларациясы мәліметіндегі сәйкессіздік" үшін тәуелсіз кандидаттарды шеттету – Қазақстанда бұрыннан бар тәжірибе. Мәселен, 2016 жылы Алматы мәслихаты депутаттығына кандидат Фатима Жандосова мен белсенді Әсия Төлесованы салық декларациясында бір теңгеге жетпейтін сәйкессіздік үшін сайлаудан шеттетті. Сарапшылар мұны да билікке жақпайтын кандидаттарды шеттетудің саяси технологиясы деп қарастырады.

Сайлаудан билікке бұрыннан қарсылас болып келе жатқан белсенділермен, қоғам қайраткерлерімен қатар көпшілікке танымал емес кандидаттар да шығып қалып жатыр. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов өзін-өзі ұсынған кандидаттарды сайлауға жеткізбей алып тастаудың астарында формаға сүйенген себеппен қатар саяси себеп те бар деп есептейді.

– Билік өзімен ымыраға келу ықтималдығы төмен азаматтарды саяси астармен шеттетіп жатыр. Ертең халықаралық ұйымдар алдында "билік қарсыластары ғана сайлаудан шығып қалды" деген сөзге қалмас үшін басқа да кандидаттарды техникалық себептермен сайлаудан шығарып жатқан болуы мүмкін, – дейді саясаттанушы.

Астанада сайлау комиссиясының төрағасы биліктен қысым көріп жатқанын айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

Нұрсейітовтің пайымдауынша, биліктің қарсыластарды сайлауға жеткізбей, додадан шығарып тастауының астарында қорқыныш жатыр. Себебі бұл кандидаттардың аты-жөні бюллетеньде болса, билік олар сайлау күні өз электоратын жұмылдырып, сайлаушыларын сайлау нәтижесін мойындамауға, сайлауды қайта өткізуге және сайлаудың екінші турын талап етуге шақыруы мүмкін деп қауіптенеді.

– Тоқаев аралас жүйені қайтарғанымен, сайлаудың әділ өтетініне, 29 бірмандатты округ бойынша тәуелсіз кандидаттар өте алатынына күмән бар. Себебі автократ режимге өзінің айтқанын орындайтын парламент керек, – дейді ол.

Президент Тоқаев биыл қаңтарда мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлау уақытын тағайындағанда аралас сайлау жүйесінің нәтижесінде "еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшкенін, бұл саяси бәсекені күшейтіп, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз ететінін" мәлімдеген.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов шын мәнінде сайлау институты өзгерген жоқ деп есептейді. "Тәуелсіз кандидат өтіп кетсе, бас ауруына айналатынын білетіндіктен, оларға кедергі жасалып жатыр. Бұл – ескі әдіс. Сайлау институты өзгеріске ұшырамады. Назарбаев режимі кезінде қалай жұмыс істесе, Тоқаев тұсында да солай жұмыс істеп тұр" дейді Нұрсейітов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG