Accessibility links

БҚО-да қаза болған ер адамнан "суға тұншығу" белгілері анықталған. ТЖ қызметі оқиғаның су тасқынына қатысы жоқ деп отыр


Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы су алған аумақтар. Наурыз, 2023 жыл.
Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы су алған аумақтар. Наурыз, 2023 жыл.

Батыс Қазақстан облысы полициясының баспасөз қызметі Бөрлі ауданында қаза болған 39 жастағы ер адамның өліміне байланысты түсініктеме берді.

Ақпаратқа қарағанда, екі адамның көлігі суға батып, бірі көмек шақыруға кеткен. Оқиға орнында қалған екінші адам сол кезде қайтыс болған.

Полицияның мәліметінше, марқұмнан "суға тұншығу белгілері" анықталған. Сараптама тағайындалған.

"Адам өлімі фактісі Бөрлі аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Медицина сараптамасы тағайындалды. Соның қорытындысы адам неден қайтыс болғанын анықтайды" деді полицияның баспасөз қызметінің өкілдері.

Оқиға Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылына жақын жерде болған деп айтылады. Әзірге іс тіркелгенімен, бабы анықталмаған. Сараптама қорытындысына байланысты іс тиесілі бап анықталады.

Ал Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов адам өлімінің "су тасқынына қатысы жоғын" айтты.

– Денесін тапқанымыз рас. Адам жоғалды деген хабар түскен. Сосын құтқарушылар іздеп, Бөрлі ауданындағы бір ауылдан тапты. "Суға батып өлді" деген ақпарат қате. Қалған ақпаратты полициядан сұраңыздар, – деді ол 16 наурызда Азаттық тілшісіне.

"Уральская неделя" басылымының жазуынша, 11 наурызда Шыңғырлау ауданының екі тұрғыны трактормен Ақсайға қарай шыққан. Сол күні еріген қар суы сол маңдағы жолды басып, екі адаммен байланыс үзілген. Іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылып, құтқарушылар 39 жастағы ер адамның денесін 15 наурызда түстен кейін тапқан. Жанындағы адам тірі болып шықты.

Бұған дейін Орал қаласында, Шыңғырлау, Бөрлі, Бәйтерек аудандарында су тасқынына байланысты жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланғаны хабарланған. Ондаған үйге су кірген. 100-ден астам адам эвакуацияланғаны айтылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG