Accessibility links

БҰҰ Ресейдің Украинадағы әскери қылмысын анықтады


Ресей Украинаның көп аймағында әскери қылмыс жасаған, адамзатқа қарсы қылмыс жасаған да болуы ықтимал. БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесі аясында жүргізілген зерттеуде осындай тұжырым жасалған. Баяндама Мариупольдегі драма театрының бомбалануына бір жыл толған шақта әзірленіп отыр.

Есепті дайындау барысында құқық қорғаушылар Украинаның 56 елді мекенін аралап, шамамен 600 адам арасында сауалнама жүргізген, олар адамдар қамалған және жаппай көмілген орындарға барып көрген.

Есепте орыс әскері басып алған аудандардағы зорлық-зомбылық пен азаптаулар адамзатқа қарсы қылмыс ретінде аталған. Есепті әзірлеген мамандар Украина инфрақұрылымына жасалған соққы салдарынан жүздеген мың адам қыс мезгілінде жарық-жылусыз қалғанын атап өткен.

Зерттеу Ресей басып алған аумақта тұтқындарды адам төзгісіз орындарда ұстау, "фильтрация", балаларды Киев бақылауынан тыс аймақтарға алып кету сияқты қылмыстарды анықтаған.

Дегенмен зерттеу тобының жетекшісі, Адам құқығы жөніндегі Еуропа сотының бұрынғы судьясы Эрик Мёсе Украинада тұрғындарға геноцид жасалғанына дәлел жоқ екенін айтты.

Құжатта сонымен бірге Украина қарулы күштері солдаттарының да заңсыздықтары тіркелген, бірақ олардың саны көп емес. Кемінде екі әрекет әскери қылмыс ретінде бағаланған. Олар украин солдаттарының тұтқындарды атуына қатысты.

Баяндама авторлары әскери қылмысқа қатысы барлар халықаралық құқыққа сәйкес жауапқа тартылуға тиіс деп есептейді.

Жуырда Reuters және The New York Times басылымдары Гаагадағы халықаралық сот жақын арада Ресейді әскери қылмысқа айыптайтын екі істі ашатынын жазған. Осылайша қылмысқа қатысы бар бірнеше адамды қамауға рұқсат бермек.

Ресей Украинада әскери қылмыс жасағанын мойындамай келеді. Мәскеу БҰҰ-ның жаңа баяндамасы жөнінде ештеңе деген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG