Accessibility links

Қытай басшысы Си Цзиньпин 20-22 наурыз аралығында Ресейге барады


Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин.
Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин.

Қытай басшысы Си Цзиньпин 20-22 наурыз аралығында мемлекеттік сапармен Ресейде болады. Бұл жөнінде 17 наурызда Кремль мен Қытай СІМ баспасөз қызметтері хабарлады.

Қытай басшысы көктемде Ресейге баратынын бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин айтқан. Нақты қашан сапарлайтыны 17 наурызда ғана белгілі болды.

Кремль хабарламасында "мемлекеттік сапар" болатыны айтылған. Бұл – ресми сапарлар арасындағы мәртебесі ең жоғары кездесу.

Кремльдің хабарлауынша, келіссөз барысында тараптар "Ресей мен Қытай арасындағы жан-жақты әріптестік пен өзара стратегиялық ынтымақтастықты" талқылайды. "Халықаралық аренадағы Ресей-Қытай әріптестігін тереңдету бойынша пікір алмасу" жоспарланған.

Қытай СІМ "екіжақты қатынас, халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша терең пікір алмасу" болады деп мәлімдеді. Пекиннің түсіндіруінше, сапардың басты мақсаты – Ресеймен екіжақты байланысты нығайту.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Си Цзиньпин Ресейге алғаш рет сапарлайын деп отыр. Бұл оның жуырда Қытай басшысы ретінде үшінші мерзімге сайланғанынан кейінгі шетелге алғашқы сапары да болмақ. Путин соңғы рет Қытайға былтыр ақпанда басқыншылық басталмай тұрып Олимпиада ойындарының ашылуына қатысу үшін барған.

Бұған дейін Батыс ақпарат құралдары Қытай Ресейге қару беру жағын қарастырып жатыр, дрондар мен артиллерия, оқ-дәрі беруі ықтимал деп жазған. Politico басылымы 17 наурызда қытайлық компаниялар Ресейге шабуылда қолданылатын мыңдаған винтовка, дрондар мен берен кеудешеге қажет заттар берген деп хабарлаған. Алайда әңгіме ірі партия жөнінде болып отырған жоқ.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ақпан айында Пекин Ресейге қару берсе, салдары болатынын ескерткен. Қытай мұндай жоспары жоғын айтқан.

Осы аптада Украина мен Қытай сыртқы істер министрлері телефонмен сөйлескен.

  • Қытай Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған жоқ, БҰҰ Бас ассамблеясында басқыншылықты айыптаған қарарға да дауыс бермеген. Бақылаушылардың пікірінше, Батыс санкциясы тұсында Ресей экономикасының тұрақтылығы көп жағдайда Қытай позициясына тәуелді болып отыр. Қытай АҚШ пен Батыс елдерін Украинадағы қақтығысты ушықтырды деп айыптаған. Дегенмен Пекин Қырым мен украин облыстарының аннексиясын мойындамаған. Ақпарат құралдарының жазуынша, осылайша Пекин Кремльге ядролық қару қолдануды жақтамайтынын сездірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG